locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Қазақстан Азия ойындарында бір күнде сегіз медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Азия ойындарының 12-жарыс күнінде сегіз жүлде жеңіп алды
Басқа спорт түрлері
Sports24.kz сайтын Google-ға қосу
Қазақстан Азия ойындарында бір күнде сегіз медаль жеңіп алды
ФОТО: olympic.kz

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының 12-жарыс күнін сегіз жаңа жүлдемен аяқтады. 1 қазанда қазақстандық спортшылар үш күміс және бес қола медаль жеңіп алып, жалпы жүлде санын 64-ке жеткізді, деп хабарлайды.

Қазақстан қоржынына екі күмісті дзюдошылар салды. 70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат финалға дейін жетіп, шешуші белдесуде жапониялық Рин Маэдаға иппонмен есе жіберді. 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат та финалда жапониялық Сотаро Фудзиварадан ұтылып, күміс жүлдегер атанды.

Күннің үшінші күміс медалін джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков жеңіп алды. 69 келіге дейінгі салмақтың финалында ол БАӘ өкілі Ахмед Алдизуға 0:2 есебімен жол берді.

Дзюдошы Есмигүл Куюлова 63 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді. Үшінші орын үшін белдесуде ол Өзбекстан өкілі Маржона Нуруллоеваны қосымша уақытта ваза-ари әдісімен жеңді.

Джиу-джитсудан Жібек Күлімбетова да қола жүлдеге қол жеткізді. 48 келіге дейінгі салмақта Оңтүстік Корея өкілі Хвивон Чонмен кездесу 2:2 есебімен аяқталып, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіс қазақстандық спортшыға берілді.

Қазақстандық құзға өрмелеуші Дамир Тоқтаров жылдамдық дисциплинасында үшінші орын алды. Ол финалдық кезеңде 7,342 секунд нәтиже көрсетті.

Ескек слаломында Екатерина Таранцева да ел қоржынына қола медаль салды.

Путинцеваның тарихи жүлдесі

Теннистен Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жекелей сында жартылай финалға дейін жетті. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде ол қытайлық Чжан Шуайға 4:6, 2:6 есебімен есе жіберді.

Азия ойындарында үшінші орын үшін жеке матч өткізілмейтіндіктен, жартылай финалда жеңілген екі теннисші де қола медаль иеленеді. Бұл Қазақстанның осы Азиададағы теннистен алғашқы жүлдесі болды.

Путинцеваның жарысы мұнымен аяқталған жоқ. Ол Анна Данилинамен бірге әйелдер арасындағы жұптық сында жартылай финалға шықты. Қытайлық Цзян Синьюй мен Ян Чжаосюань ширек финалдан бас тартқандықтан, қазақстандық жұп кемінде қола медальға кепілдік берді.

Ал грек-рим күресінен Ислам Евлоев 97 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алды. Қола үшін белдесуде ол ирандық Мехди Балихамзехдеге 1:5 есебімен есе жіберді. Дзюдошы Дана Абдирова да 57 келіге дейінгі салмақта бесінші орынмен шектелді. Джиу-джитсудан Абдулла Батырбек үшінші орын үшін кездесуде Сауд Арабиясының өкіліне жол берді.

12-жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 64 медаль бар: 9 алтын, 19 күміс және 36 қола. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орында тұр.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie