locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Жай финал емес, реванш: Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы қарсыласы кім?

Төрехан Сабырхан Азия ойындары-2026 финалында иорданиялық Зеяд Ишаишпен кездеседі
Жай финал емес, реванш: Төрехан Сабырханның Азия ойындарындағы қарсыласы кім?
ФОТО: Getty images

Төрехан Сабырхан үшін Азия ойындары-2026 финалы ерекше мәнге ие болмақ. 70 келіге дейінгі салмақтағы алтын медаль үшін қазақстандық боксшы Иордания өкілі Зеяд Ишаишпен кездеседі. Бұл жай ғана финал емес, Төрехан үшін көптен күткен реванш, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ишаиш биыл Сабырханның жолын бір рет кескен. Сәуір айында Ұлан-Баторда өткен Азия чемпионатының финалында қос боксшы дәл осы салмақта кездескен еді.

Төрехан алғашқы раундты жақсы өткізіп, төрешілердің басым бөлігінің дауысын алды. Алайда екінші үш минуттықта иорданиялық боксшы қарқынын күшейтіп, жекпе-жектің бағытын өзгертті. Шешуші раундта да Ишаиш белсендірек көрініп, нәтижесінде төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Сабырхан күміс медальмен шектелсе, Зеяд Азия чемпионы атанды.

Төрехан дәл осы қарсыласты күтті

Азия ойындарының жартылай финалынан кейін Сабырхан Ишаишпен қайта кездескісі келетінін жасырмаған.

«Ишаишпен кездескім келеді. Бұған дейін Азия чемпионатында оған есе жібердім. Енді реванш алғым келеді», – деген еді Төрехан.

Енді оның тілегі орындалды. Алтын үшін шешуші жекпе-жекте дәл сол қарсылас күтіп тұр.

ФОТО: Getty images

Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс боксшы

Зеяд Ишаиш Қазақстан құрамасы үшін бөтен есім емес. Париж Олимпиадасында ол ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергеновті жарыстан шығарған.

2024 жылғы Олимпиаданың алғашқы кезеңінде Ишаиш Шымбергеновті тартысты жекпе-жекте төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебімен жеңді. Кейін иорданиялық боксшы ширек финалға дейін жетіп, британдық Льюис Ричардсонға дәл сондай 2:3 есебімен жол берген.

Ишаиш екі Олимпиадаға қатысқан тәжірибелі боксшы. Ол 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2022 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 2025 жылы World Boxing әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алса, 2026 жылы Азия чемпионы болды.

ФОТО: Getty images

Ишаиш финалға қалай жетті?

Иорданиялық боксшы қазіргі Азия ойындарында да сенімді өнер көрсетті. Ол алғашқы кезеңдерден сүрінбей өтіп, ширек финалда Тәжікстан өкілі Шамшер Саидовты 4:1 есебімен жеңді.

Жартылай финалда Ишаишті одан да күрделі сынақ күтіп тұрды. Оның қарсыласы әлем чемпионы, жапониялық Сэвонретс Окадзава болды. Соған қарамастан, иорданиялық боксшы 3:0 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.

Төрехан Сабырхан да финалға дейін өте сенімді жетті. Алғашқы кездесуінде Катар өкілі Мохаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңді. Ширек финалда ирактық Әли Касим Хамдам Әл-Сарраиды бірінші раундта нокаутқа түсірді. Ал жартылай финалда Өзбекстан боксшысы Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен ұтып, алтын үшін айқасқа шықты.

Енді Төрехан мен Азия ойындарының алтынының арасында биыл оны бір рет тоқтатқан боксшы тұр.

Төрехан Сабырхан – Зеяд Ишаиш жекпе-жегі 2 қазанда өтеді. Финал Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады.

Бұл кездесуде тек Азия ойындарының алтыны ғана емес, Төрехан үшін биылғы ең маңызды реванштардың бірі де сарапқа салынады.

Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie