locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Астанаға WADA басшылығының алғашқы өкілдері келді

Қазақстан астанасы алғаш рет (WADA) басшылық органдарының отырыстарын қабылдайды
Басқа спорт түрлері
Астанаға WADA басшылығының алғашқы өкілдері келді
ФОТО: пресс-служба Министерство туризма и спорта РК

Астанаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) алдағы отырыстарына қатысатын алғашқы делегаттар келе бастады. Алдағы күндері Қазақстан астанасында халықаралық спорттағы допингке қарсы күрестің өзекті мәселелері талқыланып, таза спорт қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қаралады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Елордаға алғашқылардың бірі болып WADA Атқарушы комитетінің тәуелсіз мүшесі, австралиялық заңгер Венеция Беннетт пен агенттіктің Спортшылар кеңесінің төрағасы әрі Атқарушы комитет мүшесі Райан Пини келді. Халықаралық ұйым өкілдерін салтанатты түрде қарсы алды.

Елордада агенттіктің екі негізгі басқарушы органы – Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитеттің отырыстары өтеді.

Құрылтайшылар кеңесі WADA-ның жоғары басқарушы органы саналады. Оның құрамына халықаралық спорт қозғалысы мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері кіреді. Кеңес әлемдік допингке қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындауға және ұйымның стратегиялық дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысады.

Ал Атқарушы комитет агенттіктің күнделікті қызметіне қатысты маңызды басқарушылық шешімдер қабылдап, белгіленген стратегиялық міндеттердің жүзеге асырылуын қадағалайды.

Алдағы жиындарда қатысушылар адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау, Дүниежүзілік допингке қарсы кодекстің талаптарын орындау, допингтік бақылау тетіктерін жетілдіру және ұлттық антидопинг ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.

Сонымен қатар спортшылардың құқықтарын қорғау, допингтің алдын алу, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту бағыттарына да назар аудару жоспарланып отыр.

Мұндай ауқымды халықаралық кездесулердің Астанада ұйымдастырылуы Қазақстанның допингке қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

2025 жылдың қазан айында WADA президенті Витольд Банька Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ал 2026 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Құжат допингке қарсы білім беру жүйесін дамытуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған.

Енді Қазақстан WADA-ның басшылық органдарын өз жерінде қабылдағалы отыр. Бұл еліміздің халықаралық спорт қауымдастығындағы беделін арттырып қана қоймай, таза спортты дамытуға қатысты жаһандық бастамаларға белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Астанадағы WADA іс-шаралары 22–27 қараша аралығына жоспарланған. Негізгі отырыстар 25 және 26 қарашада өтеді. Алдымен Атқарушы комитет, одан кейін Құрылтайшылар кеңесі бас қосады.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында осындай деңгейдегі WADA жиындарын қабылдап отырған алғашқы мемлекет атанбақ.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie