locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Видео: Паредес Оңтүстік Америка кубогының финалындағы жеңістен кейін есінен танып қалды. Не болды

Паредес Оңтүстік Америка кубогын жеңіп алғаннан кейін есінен танып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді
Футбол
Видео: Паредес Оңтүстік Америка кубогының финалындағы жеңістен кейін есінен танып қалды. Не болды
ФОТО: Getty images
Оңтүстік Америка Кубогы
21.11.2026, Аяқт.
Атлетико Минейро
0
Бока Хуниорс
2

Аргентиналық «Бока Хуниорс» клубының капитаны Леандро Паредес Оңтүстік Америка кубогының финалында бразилиялық «Атлетико Минейроны» жеңгеннен кейін теледидарға сұқбат беріп тұрған сәтте есінен танып қалды. Оқиға 21 қарашада Колумбияның Барранкилья қаласындағы стадионда болды. 32 жастағы жартылай қорғаушыға шұғыл медициналық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Sports24.kz.

«Бока Хуниорс» шешуші кездесуде қарсыласын 2:0 есебімен жеңіп, өз тарихында үшінші рет Оңтүстік Америка кубогының иегері атанды. Марапаттау рәсімінде көптен күткен жүлдені басынан асыра көтерген Паредес кейін DSports телеарнасының журналисі Марсело Бенедеттоға сұхбат беруге тоқтаған.

Футболшы тарихи жеңістен алған әсерімен бөлісіп тұрған кезде кенеттен өзін жайсыз сезінген. Бір сәтте сөзі үзіліп, тепе-теңдігін жоғалтып, құлап түсті. Журналист оны демеп қалуға тырысқанымен, Паредес есінен танып үлгерді. Оқиға орнына жақын маңдағы медицина қызметкерлері дереу жетіп, алғашқы көмек көрсетті.

Біраз уақыттан кейін есін жиған аргентиналық ойыншы өздігінен киім ауыстыратын бөлмеге қарай жүре алған. Алайда дәрігерлер оның жағдайын толық тексеру қажет деп тауып, қосымша медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізді.

Кейін белгілі болғандай, «Бока Хуниорс» капитанының денсаулығына қатысты алғашқы қиындықтар матч аяқталмай тұрып-ақ байқалған.

Финал футболшылар үшін қолайсыз ауа райында өтті. Барранкильяда ауа температурасы 30 градусқа жуықтап, ылғалдылық деңгейі шамамен 80 пайызға жеткен. Соның салдарынан сезілетін температура 39 градусқа дейін көтерілген.

Бірінші таймның соңына қарай Паредес қатты шаршап, басы айнала бастағанын сезген. Үзілістен кейін алаңға қайта шыққанымен, жағдайы жақсармай, 58-минутта бапкерлерден өзін алмастыруды сұраған. Қосалқы құрам орындығына жайғасқан футболшыны командаластары мұздың көмегімен салқындатып, желпіп отырған.

«Бока Хуниорстың» бас бапкері Родольфо Арруабаррена да жартылай қорғаушының матч барысында өзін жайсыз сезінгенін растады. Үзілісте жағдайы біршама түзелгенімен, екінші таймда оның алаңда қозғалуына барған сайын қиындай түскен.

Абырой болғанда, бұл оқиға ауыр зардаптарға әкелген жоқ. Медициналық тексеруден кейін дәрігерлер футболшының ауруханадан шығуына рұқсат берді. Осылайша Паредес командасының орналасқан жеріне қайта оралды.

Кейін аргентиналық жартылай қорғаушы әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлеріне хабарласып, денсаулығының жақсы екенін жеткізді.

«Бока Хуниорс» клубы да капитанының командалық қонақүйге оралған сәтінен бейнежазба жариялады. Онда Паредесті әріптестерінің күтіп алғанын көруге болады.

Осылайша тарихи жеңістен кейінгі қуаныш алаңдаушылыққа ұласқанымен, футболшының жағдайы қалыпқа келді.

Айта кетейік, Оңтүстік Америка кубогының финалында «Бока Хуниорс» Сантьяго Аскасибар мен Мигель Мерентьельдің голдарының арқасында «Атлетико Минейроны» 2:0 есебімен жеңді. Бұл аргентиналық клубтың соңғы 18 жылдағы алғашқы халықаралық жүлдесі болды.

Аружан Темірбек
Редактор ru, kk
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie