Алмабаев күресте басым болғанымен, Хоригутиден жеңілді: UFC статистикасы не дейді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев 21 қарашада Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кедзи Хоригутиден жеңіліп қалды. Аса жеңіл салмақтағы кездесу үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапон спортшысының пайдасына аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Жекпе-жек нәтижесіне қарамастан, Алмабаев тәжірибелі қарсыласына партерде айтарлықтай қиындық туғызды. Қазақстандық спортшы қарсыласын жерге құлату саны мен бақылау уақыты бойынша басымдық танытты. Алайда тік тұрып жұдырықтасуда Хоригути нәтижелірек қимылдады.
Жекпе-жек статистикасы: Алмабаев күресте басым болды
UFC жариялаған ресми мәліметке сәйкес, Хоригути қарсыласына 40 дәл әрі маңызды соққы дарытса, Алмабаевтың еншісінде 31 соққы бар. Бұл тұрғыда жапониялық файтердің дәлдік көрсеткіші 42 пайызды құраса, қазақстандық спортшыда 25 пайыз болды.
Ал күреске келгенде жағдай мүлде басқаша өрбіді. Үш раунд барысында Алмабаев қарсыласын партерге түсіруге тоғыз мәрте әрекет жасап, оның жетеуін сәтті орындады. Хоригути болса, небәрі бір рет тейкдаун жасай алды.
Бақылау уақыты бойынша да отандасымыздың басымдығы айқын байқалды. Алмабаев қарсыласын партерде 9 минут 43 секунд бойы бақылауда ұстаса, Хоригутидің бұл көрсеткіші небәрі 49 секундты құрады.
Сонымен қатар жапон спортшысы қарсыласын ауырту немесе қылқындыру әдісімен жеңуге екі рет талпынғанымен, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алмады.

Төрешілер шешімі: қай раунд кімге берілді?
UFC жариялаған ресми төрешілік хаттамаларға сүйенсек, үш төреші де жеңісті Хоригутиге берген. Дегенмен олардың бірі екінші раундта Алмабаевтың басым болғанын мойындаған.
Сэл Д’Амато кездесуді 29:28 есебімен жапон спортшысының пайдасына бағалады. Оның шешімі бойынша бірінші және үшінші раундтар Хоригутиге тиесілі болса, екінші бес минуттық кезеңде Алмабаев 10:9 есебімен басым түскен.
Ал қалған екі төреші Андерс Олссон мен Дэррил Рэнсом қазақстандық файтердің ешбір раундта басымдық танытпағанын есепке алған. Екеуі де жекпе-жекті 30:27 есебімен Хоригутидің пайдасына шешті.
Осылайша, партердегі бақылау уақыты бойынша айқын басымдыққа ие болғанына қарамастан, Алмабаев төрешілердің шешімін өз пайдасына өзгерте алмады. Жекелеген раундтарды бағалау кезінде төрешілер жапон спортшысының соққылары мен олардың нәтижелілігіне басымдық берді.

32 жастағы Алмабаев үшін бұл UFC ұйымындағы тоғыз кездесуде тіркелген екінші жеңіліс болды. Енді оның әлемдегі ең беделді ММА промоушеніндегі көрсеткіші жеті жеңіс пен екі жеңілісті құрайды. Ал кәсіпқой мансабындағы жалпы нәтижесі – 24 жеңіс және төрт жеңіліс.
Соған қарамастан, Хоригутиге қарсы кездесу қазақстандық файтердің күрес бойынша жеке статистикасын жақсартуына мүмкіндік берді. Осы жекпе-жекте жеті сәтті тейкдаун орындаған Алмабаев UFC-дегі жалпы көрсеткішін 40-қа жеткізді.
Нәтижесінде отандасымыз аса жеңіл салмақ дәрежесінің тарихында қарсыласын партерге сәтті түсіру саны бойынша алтыншы орынға көтерілді.
Бұл көрсеткіште Алмабаевтың алдында 41 тейкдаун жасаған америкалық Коди Дерден тұр.