Испанияда Асу Алмабаевтың жеңілісіне қатаң баға берілді
Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде қазақстандық Асу Алмабаевтың жапониялық Кедзи Хоригутиден жеңілуі шетелдік спорт басылымдарының да назарынан тыс қалмады. Испанияның беделді Marca басылымының журналисі Эухенио Муньос Фернандес отандасымыздың жекпе-жек барысында жіберген тактикалық қателіктеріне тоқталып, оның қарсыласының өнеріне жоғары баға берді, деп хабарлайды Sports24.kz.
Испаниялық шолушы бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның пікірінше, Алмабаев жекпе-жекке құрған бастапқы жоспарын жүзеге асыра алмаған. Қарсыласын партерге түсіруге бірнеше мәрте әрекеттенгенімен, қалаған нәтижесіне қол жеткізе алмады. Ал Хоригути жылдамдығы мен соққы жасау шеберлігін тиімді пайдаланды.
Журналист әсіресе жапониялық файтердің кездесу бойы жоғары қарқынды сақтап, қарсыласына қысым көрсете білгенін атап өтті. Оның пайымдауынша, Алмабаевты сенімді жеңген Хоригути енді аса жеңіл салмақта чемпиондық белбеуге таласатын басты үміткерлердің біріне айналды.
«Қазір аса жеңіл салмақта өте қызықты жағдай қалыптасып отыр. Хоригути де чемпиондық белбеу үшін таласқа қосылды. Ол Асу Алмабаевтан барлық жағынан басым түсіп, қарсыласына жекпе-жек жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Қазақстандық файтер партерде басымдығын бекіте алмады, ал жапониялық спортшының жылдамдығы мен толассыз соққыларына қарсы мүлде дәрменсіз күйде қалды. Енді Хоригути чемпиондық атаққа таласатын тағы бір айқын үміткер», – деп жазды Муньос Фернандес.
Еске салайық, Алмабаев пен Хоригути 21 қарашада Дохада ұйымдастырылған UFC Fight Night 294 турнирінде кездесті. Үш раундқа созылған тартыс төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапон спортшысының пайдасына аяқталды.
Дегенмен UFC жариялаған ресми статистика күрес барысында қазақстандық файтердің қарсыласынан едәуір басым болғанын көрсетеді. Алмабаев тоғыз рет тейкдаун жасауға ұмтылып, оның жетеуін сәтті орындады. Сондай-ақ Хоригутиді партерде 9 минут 43 секунд бойы бақылауда ұстады. Ал жапониялық спортшы бір ғана сәтті тейкдаун жасап, 49 секунд бақылау уақытын тіркеді.
Есесіне тік тұрып жұдырықтасуда Хоригути нәтижелірек қимылдады. Ол 40 маңызды соққы дарытса, Алмабаевтың еншісінде 31 соққы бар. Жапониялық файтердің соққы дәлдігі 42 пайызды, ал қазақстандық спортшының көрсеткіші 25 пайызды құрады.
Төрешілердің ресми хаттамалары да Хоригутидің жеңісін растады. Екі төреші кездесуді 30:27 есебімен бағаласа, үшіншісі 29:28 есебін тіркеп, екінші раундтағы басымдықты Алмабаевқа берді.
Осы жеңілістен кейін Асу Алмабаевтың кәсіпқой мансабындағы көрсеткіші 24 жеңіс пен төрт жеңіліске жетті. Ал Кедзи Хоригути 37-ші жеңісіне қол жеткізіп, мансабындағы жеңілістер саны алтау күйінде қалды.