14 алтын медаль: Қазақстан кикбоксингтен әлем кубогында топ жарды
Италияның Лидо-ди-Езоло қаласында өткен кикбоксингтен әлем кубогы өз мәресіне жетті. Бұл жарысқа 46 елден 429 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы 14 алтын, 7 күміс және 6 қола медаль жеңіп алды.
Ең үлкен жетістік фулл-контакт бөлімінде тіркелді, онда қазақстандық спортшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл санатта чемпион атанғандар: Нұрасыл Тілектесов (51 кг), Бейбарыс Кенжетай (57 кг), Аслан Асылбеков (60 кг), Мұса Мерзиев (63,5 кг), Батырхан Қуандықов (67 кг), Мақсат Ұсып (71 кг), Марғұлан Айдарұлы (75 кг), Нұрсұлтан Жақыпов (86 кг), Фазлидин Сафаров (+91 кг) және Гүлбану Саматова (70 кг).
Фулл-контактта күміс жүлдеге Данияр Жарасов (57 кг), Серікбол Ермеков (63,5 кг) және Лаура Нишанбай (56 кг) қол жеткізсе, қола жүлдені Ерсайын Шазинда (67 кг) мен Ибрагим Беков (86 кг) иеленді.
Лоу-кик бөлімінде алтын медаль Дінмұхамед Баймұратов (54 кг) пен Диас Кармановқа (57 кг) бұйырды. Күміс жүлдені Алина Төлегенова (52 кг) жеңіп алса, қола медаль иегерлері – Алдияр Ермеков (63,5 кг), Александр Сычев (63,5 кг) және Саят Тұрысбеков (71 кг).
К-1 санатында Арсен Сойырқас (57 кг) пен Мақсат Ерланұлы (75 кг) чемпион атанды. Күміс жүлдені Жандос Назарбеков (60 кг), Әли Әбутәлі (67 кг) және Берік Қалыков (71 кг) еншіледі. Ал қола жүлде Бибарыс Сауқанбекке (63,5 кг) бұйырды.
Алдын біз, Қазақстандық жас дзюдошылар Еуропа кубогының медальдық есебінде жеңімпаз атанғанын хабарлаған едік.