Жеңілмеген жауынгер сүрінді: Абай Жалал шетелдегі алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп, мінсіз көрсеткішінен айырылды
Қазақстандық ММА файтері Абай Жалал (7–1) кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Бұл жекпе-жек 23 шілде күні Әбу-Дабиде (БАӘ) өткен беделді UAE Warriors 61 турнирі аясында орын алды. Жекпе-жекте оның қарсыласы Африка құрлығының ең тәжірибелі спортшыларының бірі - Оңтүстік Африка өкілі Демарте Пена (16–3) болды.
Белдесу толық үш раундқа созылып, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен Пена жеңімпаз деп танылды. Осылайша, кәсіби октагонда 7 кездесу қатарынан жеңіспен келе жатқан Абай алғаш рет жеңілістің дәмін татты. Ал оның қарсыласы мансабындағы 16-жеңісіне қол жеткізді.
Абай Жалал үшін бұл жекпе-жек UAE Warriors лигасындағы алғашқы кездесу болды. Азиядағы ең беделді ұйымдардың бірі саналатын бұл промоушенде өнер көрсету - кез келген файтер үшін маңызды кезең. Бұған дейін Абай Octagon League аясында 6 жекпе-жек өткізіп, барлығын мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Кәсіби ММА-дегі жолын ол 2019 жылы Alash Pride лигасында бастаған еді.
UAE Warriors 61 - Қазақстан спортшылары үшін ерекше маңызы бар турнир. Өйткені бұл - еліміздің үш бірдей өкілі қатысатын қос күндік кештің алғашқы бөлімі. 24 шілде күні, Әбу-Дабидегі октагонда Жасұлан Акимжанов пен Магомед Кабардиев те өз жекпе-жектерін өткізеді.