Жалғас Жұмағұлов Дубайдағы турнирде UFC-дің рейтингі жоғары файтерімен реванш өткізеді
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов ACBJJ халықаралық грэпплинг лигасындағы алғашқы белдесуін UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде жетінші орында тұрған ирактық Амир Альбазиге қарсы өткізеді, деп ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sports24.kz хабарлайды.
Белдесу 20 желтоқсанда Дубайдағы Hamdan Sports Complex аренасында ACBJJ 24 турнирі аясында өтеді. Спортшылар кимоносыз no-gi грэпплинг ережесі бойынша 60 келіге дейінгі салмақта күш сынасады. Жұмағұлов үшін бұл кездесу ұйыммен жасалған төрт белдесуге арналған жаңа келісімшарт аясындағы алғашқы сынақ болмақ.
Алдағы кездесу қазақстандық және ирактық файтерлер арасындағы екінші жекпе-жек болмақ. Алайда бұл жолы спортшылар тек күрес тәсілдерін қолданады. Жұмағұлов пен Альбази алғаш рет 2021 жылдың қаңтарында Абу-Дабиде өткен UFC 257 турнирінде кездескен. Ол кезде жекпе-жек толық үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Ирак өкілі жеңіске жетті.
Арада алты жылға жуық уақыт өткенде қазақстандық файтер реванш алуға мүмкіндік алады, бірақ бұл жолы соққы жасауға тыйым салынған грэпплинг ережесі бойынша. Айта кетейік, Альбази алдағы белдесуге UFC-дегі мерзімінен бұрын жеңісінен кейін келеді. Өткен аптада ирактық файтер Дохадағы UFC Fight Night 294 турнирінде өнер көрсетіп, үшінші раундта бразилиялық Алессандро Костаны тұншықтыру әдісімен жеңді.
Еске салайық, Жалғас Жұмағұлов бұған дейін UFC-де өнер көрсеткен. Америкалық промоушеннен кеткеннен кейін мансабын Еуропаның OKTAGON MMA ұйымында жалғастырып, аса жеңіл салмақта чемпион атанды. Жақында қазақстандық файтер чемпиондық белбеуін босатып, ұйымнан кетті. Енді Жұмағұлов ACBJJ халықаралық грэпплинг лигасында бағын сынап көрмек.