«Нефтехимик» - «Барыс»: ҚХЛ матчының тікелей трансляциясын қайдан және қашан көруге болады
Жексенбі, 29 қарашада астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатындағы кезекті матчын өткізеді. Михаил Кравец шәкірттері сырт алаңда Нижнекамскінің «Нефтехимигіне» қарсы ойнайды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Тұрақты чемпионаттағы алдыңғы матчында қазақстандық клуб сырт алаңда Санкт-Петербургтің СКА командасын 7:4 есебімен айқын жеңді. Бұл астаналықтардың петербургтік армияшылармен соңғы бес жылдағы текетіресте қол жеткізген алғашқы жеңісі болды. 31 матчтан кейін «Барыстың» еншісінде 33 ұпай бар.
«Нефтехимик» те алдағы кездесуге нәтижелі жеңістен кейін келеді. Соңғы матчында нижнекамдық команда сырт алаңда «Сочиді» овертаймда 5:4 есебімен ұтты. 32 кездесуден кейін ресейлік клубтың еншісінде 37 ұпай бар. Осылайша, «Барыс» негізгі уақытта жеңіске жетсе, қосалқы бір ойыны бола тұра, «Нефтехимиктен» қалып қоюын екі ұпайға дейін қысқарта алады.
ҚХЛ тұрақты чемпионатының биылғы маусымында командалар бұған дейін екі рет кездесіп, сырт алаңдағы жеңістермен алмасты. Айта кетерлігі, өзара өткен соңғы екі матчта командалар 18 шайба соқты.
- 26 қыркүйек: «Барыс» - «Нефтехимик» 3:6;
- 2 қазан: «Нефтехимик» - «Барыс» 4:5 (ОТ).
«Нефтехимик» - «Барыс» матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 16:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.
Еске салайық, «Барыс» бұған дейін ҚХЛ тұрақты чемпионатында қатарынан екі жеңіске жетті. Санкт-Петербургтегі табысының алдында Михаил Кравец шәкірттері өз алаңында Череповецтің «Северсталь» командасын 2:1 есебімен ұтты. Нижнекамскіде қазақстандық команда жеңісті сериясын үш матчқа дейін ұзартуға тырысады.