UFC-ге жол ашыла ма? Сарапшы Абай Жалалдың мүмкіндіктерін бағалады
Қазақстандық ММА комментаторы және сарапшы Исатай Мадиев Sports24.kz сайтына берген сұхбатында Абай Жалалдың (7-0) UFC-ке өту ықтималдығы жайлы пікір білдірді. Сарапшының сөзінше, бәрі 23 шілдеде өтетін UAE Warriors 61 турниріндегі жекпе-жекке байланысты болмақ — Абайдың қарсыласы тәжірибелі Дамарте Пена (15-3).
«Абайдың UFC-ке өтуге мүмкіндігі жақсы. Ол әдетте октагонда өнер көрсетеді. Оның менеджменті бұған дейін Азат Мақсұм мен Бекзат Алмаханды сәтті алып шықты, сондықтан бұл жағынан бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Оның үстіне, Абай — ақылды жігіт, тіл үйреніп жүр, өз брендімен жұмыс істеп жатыр, әлеуметтік желілерде белсенді, YouTube арнасы бар. Бұл факторларды ескерсек, мүмкіндігі расымен жоғары. Тағы бір айта кетерлігі — ол өте көрікті әрі агрессивті стильде жұдырықтасады.
Егер осының бәрін — менеджмент, стиль, көрініс, 7-0 рекорд және әлеуметтік желілердегі белсенділікті қоссақ, ол болашақта UFC-ге өтетін үміткерлердің бірі деп айта аламыз. Бірақ, әрине, бұл үшін ол алдағы жекпе-жектерде де жарқын жеңістерін жалғастыруы керек. Бұл жерде оппозиция деңгейі маңызды болып отыр — 23 шілдеде біз нақты жауап аламыз», — деді Мадиев.
Абай Жалал 23 шілдеде Абу-Дабиде өтетін UAE Warriors турнирінде өнер көрсетіп, бұл ұйым торына шыққан алғашқы қазақстандық атанады. Оның қарсыласы — EFC-тің бұрынғы чемпионы, Ares FC қатысушысы Дамарте Пена. Бұл жекпе-жек Жалалдың халықаралық деңгейдегі алғашқы маңызды сынағы болмақ.
«Қарсылас деңгейі күрт жоғары» — сарапшы Абай Жалалдың дебюті туралы.