«Қарсылас деңгейі күрт жоғары» — сарапшы Абай Жалалдың дебюті туралы
ММА шолушысы Исатай Мадиев Sports24.kz сайтына берген сұхбатында қазақстандық жас файтер Абай Жалалдың (7-0) 23 шілдеде Абу-Дабиде өтетін UAE Warriors 61 турниріндегі дебютін бағалады. Сарапшы бұл жекпе-жек Жалалдың мансабындағы алғашқы маңызды сынақ екенін атап өтті.
«Абай Жалал — ең жарқын проспектілердің бірі. Бұл жігітке қарсылас табу жағынан біраз қиындықтар болды. Оппозиция, ашық айтқанда, әлсіз болды. Біздің стандарттар бойынша оның жеті жекпе-жегінің көпшілігін көзіммен көрдім — қарсыластары осал еді. Бірақ бұл жерде оның кінәсі жоқ. Себебі дәл осындай деңгейдегі файтерге лайықты қарсылас табу өте қиын. Ал мықты қарсыластар — қымбат тұрады.
Қазақстандағы ММА индустриясы әзірге ондай гонорарларды үлестіретіндей бай емес. Бірақ міне, енді ол жақсы ұйымда, жақсы қарсылас тапты. Бұл жерде, әрине, біршама тәуекел бар, себебі оппозиция деңгейі күрт жоғарылап кетті», — деді Мадиев.
Ол қарсыласының деңгейі мен айқастың жалпы жағдайына да жеке тоқталды:
«Абай кәсіпқой деңгейде мұндай дәрежедегі қарсыласпен әлі кездескен жоқ. Сондықтан бұл жекпе-жекті көру өте қызықты болады. Қарсыласы — бұрынғы EFC чемпионы, Ares FC-де де өнер көрсеткен. Қатты соққы жасайтын, қауіпті страйкер. Осы тұрғыдан алғанда, шынымен де қызықты айқас күтіп тұр. Жеке өзім бұл кездесудің нәтижесін болжауға қиналамын. Алдын ала Абайды фаворит дей алмаймын. Бірақ Пена да соңғы кезде аса жарқын жекпе-жек өткізген жоқ. Жасы да келіп қалған — ММА үшін зейнет жасына таяған файтер деуге болады», — деп толықтырды сарапшы.
Абай Жалал 23 шілдеде Абу-Дабиде өтетін UAE Warriors турнирінде дебют жасайды және бұл ұйымның торына шыққан алғашқы қазақстандық болмақ. Қарсыласы — 15 жеңісі бар анголалық Дамарте Пена, бұрынғы EFC чемпионы. Мұндай қарсыласты жеңу — Абайдың халықаралық деңгейге шығуына жол ашуы мүмкін.
Белал Мухаммад UFC-дегі салмақ дәрежелерін арттыруды ұсынды.