Төрешілер шеттеді ме? Жасұлан Әкімжан Әбу-Дабиде даулы жекпе-жекте жеңіліп қалды
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жасұлан Әкімжан (12–5) 24 шілде күні Әбу-Дабиде өткен UAE Warriors 62 турнирінде қарсыласынан ұтылып қалды. Оның қарсыласы – тәжірибелі бразилиялық файтер Фелипе Дуглас (27–6) болды. Үш раундтық тартысты кездесуден кейін төрешілер жеңісті бірауыздан бразилиялық спортшыға берді.
28 жастағы Әкімжан бұл жекпе-жекке Naiza промоушеніндегі қатарынан екі жеңістен кейін келген болатын. Алайда, жеңісті сериясы осы тұста үзілді. Ал 33 жастағы Дуглас үшін бұл – қатарынан төртінші жеңіс: бұған дейін ол Centurion FC ұйымында жеңістерге жеткен.
Айта кетейік, бұл – соңғы екі күн ішінде қазақстандық спортшылардың UAE Warriors турниріндегі екінші жеңілісі. 23 шілдеде Абай Жалал (7–1) бұл лигадағы алғашқы кездесуін өткізген болатын, алайда төрешілер шешімімен Оңтүстік Африка спортшысы Демарте Пенеге жол берді.