locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Тоқтар Петтис жекпе-жегінің тоқтауы Қазақстанға қалай әсер еткенін айтты

Тоқтар Петтис төңірегіндегі жанжалға қатысты пікір білдірді
Тоқтар Петтис жекпе-жегінің тоқтауы Қазақстанға қалай әсер еткенін айтты
ФОТО: IG Токтар

Қазақстандық ММА файтері Еркебұлан Тоқтар Алматыда өткен ORDA Global Fights турниріндегі Энтони Петтис жекпе-жегінің тоқтатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sports24.kz тілшісі.

Спортшының айтуынша, бұл жағдай тек ұйымдастырушылардың емес, жалпы қазақстандық файтерлердің беделіне әсер етуі мүмкін.

«Петтистің алдында ыңғайсыз болды»

Еркебұлан Тоқтар бұл оқиғадан кейін қатты өкініш сезінгенін жасырмады.

«Өкінішті жағдай болды. Осынша файтер дайындалды, салмақ қуды, ал соңында турнир мүлде өтпей қалды. Энтони Петтистің алдында ыңғайсыз болды. Ол Америкаға кетіп қалды, енді басқа файтерлерге Қазақстан туралы айтып береді. Ал олар бір-бірімен үнемі байланыста ғой - Фергюсон, Порье, менеджерлер. Кейін бәрі «Қазақстанда не болды?» деп сұрайды. Мұндай нәрсе шетелдік спортшылардың біздің турнирлерге деген көзқарасына әсер етеді», - деді Тоқтар.

Қазақстандық файтер Петтиске жеке хабарлама да жазғанын айтты.

«Мен оған: «Ренжіме, бауырым. Бұл - енді ғана басталып жатқан лига, осындай жағдай болып қалды. Негізі бізде мықты ұйымдар бар» деп жаздым. Шынымды айтсам, өзім ұялдым. Сырт көзге оны жай ғана хайп үшін шақырғандай көрінді», - деп қосты Еркебұлан.

Алматыдағы турнир жекпе-жек күні тоқтатылды

Еске салайық, Энтони Петтис пен қазақстандық Әділ Боранбаев арасындағы жекпе-жек турнир өтетін күні тоқтатылған болатын.

Бұған америкалық файтердің гонорары уақытында төленбегені себеп болды. Осы даудан кейін ұйымдастырушылар Алматыдағы «Алматы Аренада» өтуі тиіс ORDA Global Fights турнирін толықтай тоқтатуға мәжбүр болды.

Петтис Қазақстанға келіп, салмақ өлшеу рәсімінен өткен, баспасөз мәслихатына қатысқан және жекпе-жекке толық дайын болған. Алайда ұйым тарапынан келісімшарттағы міндеттемелер орындалмаған.

Кейін UFC-дің бұрынғы чемпионы әлеуметтік желіде ұйымдастырушыларды қатаң сынға алып, осы жағдайдан кейін компаниясы 800 мың доллардан астам шығынға ұшырағанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Еркебұлан Тоқтар соған қарамастан Алматыда Энтони Петтиспен кездесіп үлгерді. Қазақстандық файтер Instagram парақшасында екеуінің ықтимал жекпе-жекті талқылап, көз арбасу өткізген видеосын жариялады.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie