«Тіпті Хабиб те бас тартар еді, бұл таза қазақтың жолы»: Рахмонов жарақатпен неге жекпе-жекке шыққанын түсіндірді
Жеңіліссіз келе жатқан қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жарақатына қарамастан, ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриге қарсы жекпе-жектен неге бас тартпағанын айтты. Рахмоновтың сөзінше, ол ұзақ үзілістен кейін тәуекелге барып, жанкүйерлер үшін октагонға шығуды шешкен, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шавкат Рахмонов ALF Global подкастында Иэн Гэрриге қарсы жекпе-жек туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Қазақстандық файтер жекпе-жек алдында жарақаты болғанын мойындады. Оның айтуынша, мұндай жағдайда ол мүлде октагонға шықпауы керек еді, алайда кездесуден бас тартпау туралы шешім қабылдаған.
Рахмонов мұны ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбегенімен, жанкүйерлер алдындағы жауапкершілігімен және өз мінезімен түсіндірді.
«Мен Гэрримен мүлде төбелеспеуім керек еді. Мен жай ғана тәуекелге бардым, бұл таза қазақтың жолы. Түсінесіздер ме? Қазақтар тәуекелшіл, қорықпайды», — деді Рахмонов.
Файтердің айтуынша, осындай жағдайда көптеген спортшы өзіне қосымша қауіп төндірмеу үшін жекпе-жектен бас тартуды жөн көрер еді.
Ол өзге мектеп өкілдері барлық жағдай мінсіз болмаған кезде мұндай жекпе-жекке келіспеуі мүмкін екенін атап өтті.
«Мысалы, басқа жақтың, айталық, дағыстандық файтерлері болса, Хабиб, Ислам Махачев — олар нақты бас тартар еді. Оларда бәрі 100 пайыз мінсіз болуы керек», — деді Шавкат.
Рахмонов Джефф Нилге қарсы жекпе-жегін де еске алды.
Сол кезде америкалық файтер салмақ лимитіне сыймай, шамамен екі келі артық көрсеткен. Соған қарамастан, Шавкат жекпе-жектен бас тартпай, октагонға шыққан.
«Мен Джефф Нилмен төбелескен кезде де ол салмақтан 2 келі асып кетті. Осындай адаммен кім төбелеседі, маған сондай ессізді көрсетіңіздерші. Бәрі бас тартады, тіпті топ-15-ке кірмейтін файтерлердің өзі бас тартады», — деді Рахмонов.
Оның айтуынша, ол жекпе-жектен бас тартып, гонорарын алып, өз жағдайын тәуекелге салмауына да болар еді. Алайда қазақстандық файтер басқаша шешім қабылдаған.
«Мен ол кезде онсыз да топ файтер едім. Түсінесің бе, ол жерде 2 келі, тіпті 2 келіден де көп артықшылық бар. Жай ғана гонорарды алып кете салуыма болар еді», — деді Рахмонов.
Шавкат жекпе-жекке шығу туралы шешімінің басты себебі ретінде жауапкершілікті атады.
Рахмонов ұзақ уақыт төбелеспегенін және жанкүйерлердің күтетінін түсінгенін айтты. Сондықтан ол кейін шегініп, жекпе-жектен бас тартқысы келмеген.
«Мен көптен бері төбелеспедім, сондықтан жекпе-жек өткізуім керек болды. Өйткені бәрі күтіп жүр, біздің жауапкершілігіміз бар, түсінесіздер ме? Артқа шегіне алмаймыз», — деп қосты қазақстандық файтер.
Шавкаттың пікірінше, файтерлердің басым бөлігі мұндай тәуекелге бармас еді.
Әңгіме тек Гэрриге қарсы жекпе-жек алдындағы жарақат туралы емес, қарсылас салмақ лимитін орындамаған жағдайлар туралы да болып отыр. Рахмоновтың ойынша, мұндай жағдайда спортшылардың 80-90 пайызы жекпе-жектен бас тартуды жөн көрер еді.
Соған қарамастан, өзі бірнеше рет қиын жағдайда октагонға шыққан.
Еске салайық, Шавкат Рахмонов пен Иэн Мачадо Гэрри арасындағы жекпе-жек UFC 310 турнирінде өтті.
Қазақстандық файтер ирландиялық қарсыласын төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, 19-0 көрсеткішімен жеңіліссіз рекордын сақтап қалды. Рахмонов үшін бұл жекпе-жек ерекше маңызды болды, өйткені ол ұзақ үзілістен кейін оралып, жартылай орта салмақтағы ең мықты файтерлердің бірі мәртебесін тағы бір мәрте растады.
Сонымен қатар Шавкаттың өзі енді бұл жекпе-жекке мінсіз жағдайдан алыс күйде келгенін мойындады.