Шавкат Рахмоновтың қарындасы UFC ұйымынан түскен келісімшарттан бас тартты
Джиу-джитсу бапкері әрі аралас жекпе-жек сарапшысы Нұрсұлтан Орынбасаров жұбайы Сора Рахмоноваға UFC-ден ұсыныс түскенін айтты.
“Қыздардың спортпен айналысуына қарсылығым жоқ, керісінше, бапкер ретінде көптеген қызды жаттықтырдым. Бірақ Сараның жағдайы басқа. Біз үйленгеннен кейін шамамен бір ай өткен соң, оған UFC-ден жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс түсті. Желтоқсан айында хабарласып, наурызда кездесу өткізуді ұсынды. Дегенмен біз бұл ұсыныстан бас тартуға шешім қабылдадық. Сара – қазақ қыздары арасынан шыққан үш дүркін әлем чемпионы, өз мықтылығын дәлелдеген спортшы. UFC-дегі таныстарым, ең болмаса бір жекпе-жекке шығып көруге кеңес берді. Бірақ халыққа жай ғана жекпе-жек емес, үлкен тартыстар қызық. Бір рет шыққан соң, кез келген спортшы чемпиондық белдікке таласқысы келеді. Біз үшін спорттан да маңызды жоспарлар бар. Сара мансабында жоғары жетістіктерге жетті деп есептеймін. Әзірге карьерасын аяқтау туралы нақты шешім қабылдаған жоқ, бірақ аралас жекпе-жекке қатысты ұстанымымыз айқын”, – деді Нұрсұлтан Орынбасаров.
Айта кетсек, Сора Рахмонова – UFC-де өнер көрсетіп жүрген белгілі қазақ файтері Шавкат Рахмоновтың қарындасы. Ағасы секілді Сарада спортпен айналысады, оның қазіргі кәсіби рекорды – төрт жеңіс пен бір жеңіліс. Соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың мамырында өткізіп, Валерия Карягинаны екінші раундта нокаутпен жеңді.
Мухаммед Мокаев Шавкат Рахмонов туралы пікір білдірді: "Шавкат UFC чемпионы атанса екен деймін"