Шавкат Рахмонов UFC-тің бұрынғы чемпионымен айқас өткізуі мүмкін
Жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC-тің жартылай орта салмақтағы бұрынғы чемпионы Джек Делла Маддаленамен жекпе-жек өткізіп, октагонға қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz.
Violent Rounds мәліметінше, тараптар бұл айқасты АҚШ-тың Даллас қаласында өтетін UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегі ретінде ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Іс-шара 2027 жылдың 16 қаңтарына жоспарланған.
Рахмонов үшін бұл жекпе-жек екі жылдан астам уақыттан кейінгі алғашқы айқас болуы мүмкін. Қазақстандық файтер соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде октагонға шығып, ирландиялық Иэн Мачадо Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Осыдан кейін Шавкат тізесіндегі ауыр жарақаттан кейін оңалды.
Маддалена да бұл ықтимал айқасқа жеңілістен кейін келгелі отыр. 2 мамырда Перт қаласында өткен UFC турнирінде австралиялық файтер бразилиялық Карлос Пратеспен кездесіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді.
Кестедегі ықтимал өзгерістер жартылай орта салмақтағы ауыс-түйістерге байланысты. Бұған дейін талқыланған Ислам Махачев пен Пратес арасындағы жекпе-жек өтпейтін болды. Енді бразилиялық файтер уақытша чемпиондық белбеу үшін Майкл Моралеске қарсы шығуы мүмкін, ал Иэн Мачадо Гэрри UFC 335 турнирінде Ярослав Амосовтың қарсыласы ретінде қарастырылып жатыр.
Дегенмен Рахмонов пен Маддалена арасындағы жекпе-жек туралы ақпаратты UFC әзірге ресми түрде растаған жоқ.
«Жақын арада»: Дана Уайттың Қазақстанда UFC турнирін өткізу туралы мәлімдемесі