Сергей МОРОЗОВ: “UFC-дегі өнеріме де, тапқан табысыма да көңілім толады”
Сергей Морозов – аралас жекпе-жек өнерінің шебері, UFC-ге дейін М-1 лигасында бақ сынап, жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған қазақстандық спортшы. Бұдан бөлек, ол кәсіби деңгейде футболмен айналысып, бірнеше маусым “Ақтөбе-Жас” клубының құрамында өнер көрсетті. Бүгінде спорттық мансабын аяқтағанымен, Сергей Sport24.kz сайтына берген эксклюзивті сұқбатында ең маңызды сұрақтарға жауап берді.
– Жекпе-жек өнеріне қалай келдіңіз? Неліктен дәл осы спорт түрін таңдадыңыз?
– Мен спорттағы жолымды футболдан бастадым, ұзақ жылдар бойы осы спортпен шұғылданып, “Ақтөбе-Жас”клубында ойнадым. Бұл жай ғана қосалқы құрам емес, толыққанды команда еді. Тіпті, Бірінші лигада ойнап, төртінші орынға тұрақтаған кезіміз де болды. Алайда кейін клуб басшылығы менімен келісімшартты ұзартпай, жұмыссыз қалдым. 19 жасымда футболда ешқандай ресми дәрежем болмады.
Дегенмен, ауламызда жекпе-жекпен айналысатын достарым болды, олардың көбі спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін алып үлгерген. Мен де спорттағы еңбегімнің бағаланғанын қаладым. Осылайша, джиу-джитсумен айналыса бастадым.
– Ең үлкен жетістігіңіз – М-1 чемпионы атану. Бұл белеске жету қаншалықты қиын болды?
– Бұл мен үшін ұмытылмас сәт. Чемпиондық белбеу үшін екі рет жекпе-жекке шығып, екеуінде де жеңілдім. Тек үшінші мүмкіндігімде ғана өз мақсатыма жете алдым. Сол сәтте жеңіске жетіп, қолымды көтергенде және белбеуді таққанда, қуаныштан тіл қатуға шамам келмеді. Бұл 1 сөзбен жеткізу мүмкін емес сезім.

– UFC-ге қалай қабылдандыңыз? Дана Уайт сізге жеке ұсыныс жасады ма?
– М-1 лигасының UFC-мен эксклюзивті келісімі бар. Оның шарты бойынша, М-1 чемпионы атанған спортшы UFC-ге өтуге мүмкіндік алады. Осы жүйенің арқасында көптеген файтерлер UFC-ге жолдама алды. Солардың қатарында Исмағұлов, Рахмонов, Евлоев секілді мықты спортшылар бар.
– UFC-дегі өнеріңізге қандай баға бересіз?
– Өзімді әділ бағалау қиын, мұны сарапшылар мен бапкерлер айта жатар. Бірақ өз нәтижелеріме көңілім толады.
- Сондай-ақ оқыңыз: Жан КОСОБУЦКИЙ: “Фьюри Усикке қарсы жекпе-жекте әлдеқайда қаталдау болуы керек еді”
– Ең ауыр жекпе-жек қайсысы болды?
– Әр жекпе-жектің өзіндік қиындығы бар, әрқайсысынан жаңа әсер аласың. Жеңген кезде өзіңе жаңа мүмкіндіктер ашып, алға ұмтыласың. Жеңілгенде - қателіктеріңді саралап, дұрыс қорытынды жасайсың. Сондықтан әрбір жекпе-жек-баға жетпес тәжірибе, мейлі ол жеңіс болсын, мейлі жеңіліс.
– UFC-дегі гонорарларға көңіліңіз тола ма?
– Әрине, М-1-ден UFC-ге өткен кезде табысым айтарлықтай артты. Сол уақыт үшін бұл маған жеткілікті болды.
– UFC деңгейі туралы не айтасыз? Бұл промоушенде тек ең мықты спортшылар жиналған ба?
– UFC-ге іріктелген спортшылар өте мықты. Көптеген тәжірибелі файтерлермен қатар, жарқырай көрінетін жас спортшылар да бар. Дегенмен, бұл - ең алдымен америкалық нарыққа бағытталған ұйым. Сондықтан олар көбінесе өз елінің спортшыларын таңдайды. Тіпті, шеберлігі төмендеу файтерлердің өзі уақыт өте келе мықты қарсыластармен айқаса жүріп, тәжірибе жинайды. Өкінішке қарай, Қазақстаннан және жалпы посткеңестік кеңістіктен шыққан көптеген талантты спортшылар UFC-де өнер көрсету мүмкіндігіне ие бола алмай жүр.
– Қазіргі таңда қай файтерлер сізге ерекше ұнайды?
– Мен бұрын М-1-де, UFC-де бірге айқасқан спортшыларды, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және жалпы посткеңестік кеңістіктен шыққан жігіттерді ерекше бағалаймын. Хабибтің командасымен әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынастамын. Жалпы, мықты файтерлер көп, әсіресе АҚШ-та.

– Спорттық мансаптан кейін немен айналысып жүрсіз?
– Ресми түрде мансабымды аяқтадым, бірақ күн сайын жаттығамын. Күрес, джиу-джитсу секілді спорт түрлерімен айналысып, жастармен бірге дайындаламын. Жарыстарға қатыспасам да, спорттан алыстаған жоқпын. Сонымен қатар, қайырымдылық және волонтерлік жұмыстарға көңіл бөліп жүрмін.
– Болашақта спорт саласында жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма? Мүмкін, бапкер немесе менеджер ретінде?
– Бұған дейін де жаттықтырушы ретінде көп еңбек еттім. Тіпті, өзім тәрбиелеген бірнеше шәкіртім чемпион атанып, белбеу иеленді, ал кейбірі қазір өздері бапкерлікпен айналысады. Қазіргі таңда спорттан гөрі қоғамдық жұмыстарға көбірек көңіл бөлудемін. Жастарға бағыт-бағдар беріп, жеке жұмыс жүргіземін.
– Қазақстандық футболды әлі де бақылап жүрсіз бе? Ұлттық құрама мен “Ақтөбе” клубының ойыны туралы пікіріңіз қандай?
– Әрине, футбол менің өмірімнің бір бөлігі болғандықтан, әлі де қызығушылығым бар. Бұрынғыдай жиі қарай алмасам да, “Ақтөбе” клубының ойындарын бақылап, жеңісіне қуанып, жеңілісіне қынжылып жүремін.
– Қазақстан құрамасының алдағы жылдары әлем чемпионаты немесе Еуропа біріншілігіне жолдама алуы мүмкін деп ойлайсыз ба?
– Әрине, бұл - кез келген жанкүйердің арманы. Өз еліміздің ұлттық құрамасын осындай додаларда көргіміз келеді.
– Қазақстанда спорттың дамуы үшін не істеу керек?
– Жастарды спортқа баулу керек. Қазір Қазақстан ІІМ-мен бірлесе отырып, түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, жастарды дұрыс жолға бағыттау үшін кездесулер өткізіп жүрміз. Себебі бүгінгі ұрпақ 1 біздің болашағымыз. Оларды бос уақытын бекер өткізбеуге, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру қажет. Қазір буллинг, синтетикалық есірткілер сияқты қауіптер өршіп тұр, сондықтан біз жастардың назарын пайдалы істерге аударуға тиіспіз.
Ал жалпы спорттың дамуы үшін көбірек мектептер ашылуы керек. Қандай спорт түрі болсын, бәріне мүмкіндік берілуі тиіс. Қазір министрлік бейолимпиадалық спорт түрлерінің қаржысын қысқартып, тек олимпиадалық бағытқа басымдық бермек. Бірақ менің ойымша, спорттың барлығын дамыту қажет. Мемлекеттік және жекеменшік мектептер көбейіп, халықаралық жарыстар ұйымдастырылуы тиіс. Сонда ғана біз мықты спортшыларды тәрбиелей аламыз.