Садулаев Абу-Дабидегі RAF турнирінде Еуропаның төрт дүркін чемпионын жеңді
Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаев БАӘ астанасында өткен RAF Abu Dhabi турнирінде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Даурен Куруглиевті жеңді. Екі атақты балуанның тартысы ресейлік спортшының пайдасына 8:5 есебімен аяқталды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Садулаев пен Куруглиев жартылай ауыр салмақта кездесті. Үш кезеңге жоспарланған белдесу ресейлік балуанның ұпай санымен жеңісімен аяқталды. Садулаев сегіз ұпай жинаса, Грекия құрамасының атынан өнер көрсететін қарсыласы бес ұпайға қол жеткізді. Бұл жеңіс ресейлік балуан үшін Real American Freestyle лигасындағы екінші жеңіс болды. Енді оның промоушендегі көрсеткіші — екі жеңіс және бір жеңіліс (2-1). Ал Куруглиев RAF жарысына алғаш рет қатысты. Ұйымдағы дебюттік белдесуі ол үшін жеңіліспен аяқталды.
Бұл белдесу екі спортшының да ірі халықаралық жарыстардағы жетістіктеріне байланысты ерекше қызығушылық тудырды. Абдулрашид Садулаев — қазіргі еркін күрестегі ең атақты балуандардың бірі. Ресейлік спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода және 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алып, екі дүркін Олимпиада чемпианы атанды. Бұған қоса, оның еншісінде әлем чемпионының алты атағы мен Еуропа чемпионаттарының бес алтын медалі бар.
Даурен Куруглиевтің де жетістіктері аз емес. Грекия атынан өнер көрсететін балуан 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында 86 келіге дейінгі салмақта қола жүлде иеленді. Олимпиада медалінен бөлек, Куруглиев төрт рет Еуропа чемпионы атанған. Осылайша, Абу-Дабидегі белдесу халықаралық аренада талай белесті бағындырған екі тәжірибелі спортшыны тоғыстырды. Бұл жеңіс Садулаевтың RAF-тағы көрсеткішін жақсартып, алдыңғы жеңілісінен кейін ұйымдағы өнерін жалғастыруына мүмкіндік берді.