«Мен оны жеңемін». Иэн Гэрри Рахмоновпен реванш туралы мәлімдеме жасады


Ирландиялық жартылай орта салмақ өкілі Иэн Гэрри 27 сәуірде АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өткен UFC on ESPN 66 турнирінің басты жекпе-жегінде маңызды жеңіске жетті. Бес раундқа созылған айқаста ол бразилиялық Карлос Пратесті төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңді.
Бұл жеңіс Гэрридің дивизиондағы позициясын нығайтып, чемпиондық амбициясын тағы бір мәрте көрсетті. Айқастан кейін ирландиялық спортшы Белал Мухаммадты жекпе-жекке шақырып, алдағы жоспарларын жария етті.
«Менің келесі қарсыласым - Белал. Мен Белалды жеңемін! Ол бірнеше рет мені дивизиондағы ең қиын қарсыласым деп айтқан», - деді Гэрри.
Ирландиялық файтер болашақта жеңіл салмақтағы UFC чемпионы Ислам Махачевпен де кездескісі келетінін жасырмады.
«Егер Белалда белбеу болмаса, онда Ислам Махачев бар. Мен оған үлкен құрметпен қараймын. Ол қарсыластарын оңай жеңеді. Бірақ мен оған қарсы октагонға шығып, чемпион ретінде титулымды қорғағым келеді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе болар еді. Сол кезде мен әлемнің нөмірі бірінші спортшысы екенімді дәлелдеймін», - деді Гэрри.
Сонымен қатар, ирландиялық файтер өзінің мансабындағы жалғыз жеңілісі үшін Шавкат Рахмоновқа да реванш беруге дайын екенін айтты.
«Одан кейін мен Шавкатпен қайта кездесіп, реваншқа шығамын. Мен оны жеңемін! Өйткені ол маған қарсы өткен жекпе-жекте жеңіске жеткен жоқ!» - деп мәлімдеді ол.
Иэн Гэрри 2024 жылдың желтоқсанында Шавкат Рахмоновтан алғаш рет жеңіліп, кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеген болатын. Сол кезде қазақстандық спортшы UFC-дегі алғашқы толық бес раундтық жекпе-жегінде төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жеткен еді.

Теннис
Бүгін 14:50
