locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

Махачев Топуриямен жекпе-жегінің неліктен өтпей қалғанын айтты

Ислам кездесудің тоқтатылуына қол жарақаты емес, Топурия командасының қаржылық талаптары себеп болғанын мәлімдеді
Махачев Топуриямен жекпе-жегінің неліктен өтпей қалғанын айтты
Махачев Топуриямен жекпе-жегінің неліктен өтпей қалғанын айтты

UFC-дің жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпионы Ислам Махачев жеңіл салмақтағы чемпион Илия Топурияға қарсы өтпей қалған жекпе-жек жайлы пікір білдірді. Ресейлік спортшы кездесу қол жарақатына байланысты өтпей қалды деген нұсқаны жоққа шығарып, себептің мүлде басқа екенін атады, деп хабарлайды Sports24.kz.

Ислам Махачев арнайы UFC Freedom 250 турнирінде, 14 маусымда Вашингтондағы Ақ үй аумағында Илия Топуриямен жекпе-жек өткізуге дайын болғанын айтты. Чемпионның айтуынша, ұсынысты оның менеджері жеткізген, ал ол бірден келісімін берген.

«Менеджерім хабарласып, Топуриямен Ақ үйде жекпе-жек өткізуді ұсынды. Мен бірден келістім. Ол тіпті гонорардың жоғары болатынын да айтты, өйткені турнир ерекше. Келесі күні қайта хабарласып, жекпе-жек өтпейтінін айтты», – деді Махачев.

Махачев Топурияның «ресейлік спортшы қолындағы жарақатына байланысты бас тартты» деген сөзіне де жауап берді. Ислам расында қолында ескі жарақаты барын растады, алайда ол рингке шығуына еш кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.

«Менің қолымда ескі жарақат бар, бірақ операцияны спорттық мансабымды аяқтаған соң ғана жасатамын. Қазір ол маған мүлде кедергі келтірмейді. Жекпе-жек менің жарақатыма байланысты өтпей қалды деген әңгіме мүлде болған жоқ», — деп Махачевтің сөзін X әлеуметтік желісіндегі Red Corner MMA келтіреді.

Махачевтің айтуынша, жекпе-жектің өтпей қалуына оның денсаулығы емес, келіссөздердегі қаржылық мәселелер себеп болған. Ресейлік файтер Топурия тарапы басқа шарттар қойған соң, бұл ықтимал супер-жекпе-жек күн тәртібінен алынғанын айтты.

«Маған олар басқа қаржылық талап қойғанын түсіндірді. Топурияның менеджері сұқбат беріп, өздеріне ұсынылған гонорардың аз болғанын, сол себепті бас тартқанын айтты», – деп толықтырды Махачев.

Осылайша, Махачев пен Топурия арасындағы көптен күткен айқастың орнына жанкүйерлер басқа басты жекпе-жекті тамашалайды. Илия Топурия енді жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуін америкалық Джастин Гейджиге қарсы қорғайды.

Махачев пен Топурия арасындағы жекпе-жек жыл бойы жанкүйерлер асыға күткен ең жарқын айқастардың бірі болар еді. Екі спортшы да танымалдықтың шыңында, ал турнир өтетін алаң UFC тарихындағы айтулы оқиғаға айналуы тиіс еді.

Сондай-ақ оқыңыз: Топурия – Гейджи: UFC Freedom 250 турнирінің басты айқасын қайдан көруге болады

Дегенмен, кештің басты оқиғасында Топурияға кем түспейтін қауіпті қарсылас күтіп тұр. Джастин Гейджи – жеңіл салмақтағы ең тартымды әрі қатал файтерлердің бірі, ал олардың турнир алдындағы шиеленісті баспасөз конференциясы бұл кездесуге қызығушылықты тіпті арттырды.


Еске салсақ, UFC Freedom 250 турнирі 2026 жылдың 14 маусымында Вашингтондағы Ақ үй аумағында өтеді. Турнирдің басты оқиғасы – жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу үшін Илия Топурия мен Джастин Гейджидің жекпе-жегі. Кештің ко-мэйн ивентінде Алекс Перейра мен Сирил Ган ауыр салмақтағы уақытша чемпиондыққа таласады. Бұған дейін Топурия мен Ислам Махачев арасындағы айқас та қарастырылған еді, бірақ бұл кездесу келіссөздер сатысында-ақ өтпей қалғанын Sports24.kz тілшісі хабарлады.

Спорт — бір шертуде!
Біздің қауымдастықтарға жазылыңыздар да, спорттық оқиғалардан хабардар болыңыздар!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie