Ислам Махачев келесі қарсыласын және жекпе-жек күнін атады
UFC-дің жеңіл салмақтағы қазіргі чемпионы Ислам Махачев келесі қарсыласы және жекпе-жектің болжалды күні туралы айтты.
Махачевтің айтуынша, титулға басты үміткер ретінде жеңіл салмақ рейтингінде үшінші орында тұрған Джастин Гэтжи болуы мүмкін. Бұрынғы уақытша чемпион өз келесі жекпе-жегін наурыз айында UFC 313 турнирінде өткізеді. Оның қарсыласы рейтингтің алтыншы сатысында тұрған Дэн Хукер болмақ.
Егер Гэтжи бұл жекпе-жекте сенімді жеңіске жетсе, ол Чарльз Оливейра мен Арман Царукянды артта қалдырып, титулға үміткер болуы ықтимал.
“Маған Джастинмен жекпе-жек өткізу идеясы ұнайды, өйткені біз әлі кездеспедік. Мен Оливейра және Арманмен бұрын жекпе-жекке шықтым, ал бір қарсыласқа қайта дайындалу аса үлкен мотивация бермейді. Егер Гэтжи келесі жекпе-жегінде өзін жақсы көрсетсе, біз октагонда кездесе аламыз. Мүмкін, бұл шілде айындағы Халықаралық жекпе-жек апталығында өтеді. Егер UFC ұсыныс жасаса, мен шілдеде жекпе-жек өткізуге дайын боламын деп ойлаймын”, — деді Махачев.
33 жастағы Ислам Махачев 2025 жылы тағы екі жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр. UFC 311 турнирінде Ренато Мойканоны жеңгеннен кейін ол жартылай орта салмаққа ауысуды және Белал Мұхаммад пен Шавқат Рахмонов арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен белбеу үшін күресуді жоспарлағанын мәлімдеген болатын.
ДЕРЕККӨЗ. Дана Уайт Макгрегор мен Логан Пол арасындағы көрме жекпе-жегін өткізуге тыйым салды