Дана Уайт UFC 313 титулдық жекпе-жегі жайлы: \"Мен күткен айқас болмады\"
UFC президенті Дана Уайт Магомед Анкалаев пен Алекс Перейра арасындағы титулдық жекпе-жекке өз пікірін білдірді. Ол UFC 313 турнирінің басты айқасы туралы ойын ортаға салып, бразилиялық файтердің алдында түрлі мүмкіндіктер болғанын, бірақ ол қауіпті қарсылас Анкалаевпен жекпе-жек өткізуді таңдағанын атап өтті.
“Алекстің чемпион ретінде алдында көптеген мүмкіндіктер болды. Бұл оның дайындығына әсер еткен болуы мүмкін. Бірақ бәрі де Анкалаевтың өте қауіпті қарсылас екенін білді. Магомед жекпе-жек бойы алға ұмтылды, оған құрмет көрсету керек. Бірақ бұл мен күткен айқас болмады. Мен бұдан да әсерлі шайқас көремін деп ойладым”, – деді Уайт турнирден кейінгі баспасөз мәслихатында.
Анкалаев пен Перейра арасында дереу реванш ұйымдастырыла ма? UFC президенті бұл мүмкіндікті жоққа шығармады:
“Реванш бола ма? Мүмкін”, – деп қысқа жауап берді Уайт.
Еске салайық, 9 наурыз күні Лас-Вегаста UFC 313 турнирі өтті. Бас жекпе-жекте Магомед Анкалаев Алекс Перейраны төрешілер шешімімен жеңіп, жартылай ауыр салмақтағы чемпиондық белбеуді иеленді.
Бұл жеңіліс Перейра үшін соңғы бес жекпе-жектегі алғашқы жеңілісі болды. Ал Анкалаевтың кәсіби рекорды қазір 20-1-1, тағы бір жекпе-жегі нәтижесіз деп танылған.