Белгісіз файтерден UFC супержұлдызына дейін: Илия Топурияның мансабындағы басты бес жеңісі
Испаниядан шыққан көпшілікке беймәлім файтерден UFC-дің басты супержұлдыздарының біріне айналу - Илия Топурияның соңғы бірнеше жылдағы жолы дәл осындай болды.
Жеңіліп көрмеген чемпион Макс Холлоуэй, Александр Волкановски және Чарльз Оливейра секілді UFC аңыздарын нокаутқа жіберіп, промоушен тарихындағы ең жарқын есімдердің қатарына енді. Енді «Эль Матадор» мансабындағы тағы бір тарихи кешке дайындалып жатыр - 2026 жылдың 15 маусымында Вашингтондағы Ақ үй маңында өтетін UFC Freedom 250 турнирі.
Кештің басты жекпе-жегінде Топурия жеңіл салмақтағы титулын алғаш рет қорғайды. Оның қарсыласы - уақытша чемпион Джастин Гэтжи.
Sports24.kz Илия Топурияны әлемдік MMA брендіне айналдырған бес жекпе-жекті еске түсіреді.
5. Илия Топурия - Райан Холл, UFC 264 (2021)
Сол кезеңде Райан Холл дивизиондағы ең ыңғайсыз қарсыластардың бірі саналатын. Бұған оның жоғары деңгейдегі джиу-джитсу шеберлігі себеп болды.
Көпшілік Холл жас Топурияға партерде үлкен қиындық туғызады деп күтті.
Алайда Илия америкалықпен еш қиындықсыз күресті.
Ол қауіпті әдістерден сәтті қорғанып, күресте өзін сенімді көрсетті де, бірінші раундтың өзінде Райан Холлды әсерлі нокаутпен жеңді.
Дәл осы жекпе-жектен кейін UFC ішінде Топурия туралы байыппен айтыла бастады.
4. Илия Топурия - Джош Эмметт, UFC on ABC (2023)
Осы кездесуден кейін UFC Топурияға болашақ чемпион ретінде толық сенім артты.
Бұл Илияның мансабындағы алғашқы басты кеш жекпе-жегі еді.
Ауыр соққыларымен және мол тәжірибесімен танылған америкалық Джош Эмметтке қарсы Топурия бес раунд бойы толық үстемдік құрды.
Ол тұрысы жағынан қарсыласынан асып түсті, арақашықтықты мінсіз бақылап, төрешілер шешімімен сенімді жеңіске жетті.
Бұл жекпе-жек Илия үшін чемпиондық жолға ашылған үлкен есік болды.
3. Илия Топурия - Чарльз Оливейра, UFC 317 (2025)
Жартылай жеңіл салмақта чемпион атанғаннан кейін Илия дивизионда ұзақ аялдап қалмауды жөн көрді.
2025 жылдың маусымында Лас-Вегаста өткен UFC 317 турнирінде ол бұрынғы чемпион Чарльз Оливейрамен бос тұрған жеңіл салмақ белбеуі үшін кездесті.
Бразилиялық аса қауіпті қарсылас саналғанымен, жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ.
Топурия бірінші раундта-ақ Оливейраны ауыр нокаутқа жіберіп, UFC тарихында екі салмақта чемпион атанған санаулы файтердің қатарына қосылды.
2. Илия Топурия - Макс Холлоуэй, UFC 308 (2024)
Бұл кеш Топурияны толыққанды супержұлдыз деңгейіне шығарды.
Макс Холлоуэй UFC тарихындағы ең төзімді файтердің бірі саналатын. Илиямен кездескенге дейін оны ешкім таза нокаутпен жеңіп көрмеген еді.
Алайда Топурия ешкімнің қолынан келмеген істі жасады.
Үшінші раундта ол аңызға айналған гавайлықты ауыр нокаутқа жіберіп, чемпиондық белдігін сәтті қорғап қалды.
Осы жекпе-жектен кейін көпшілік Топурияны UFC-дің жаңа бет-бейнесі деп атай бастады.
1. Илия Топурия - Александр Волкановски, UFC 298 (2024)
Осы кешке дейін Волкановски жартылай жеңіл салмақтың жеңілмейтін патшасы секілді көрінетін.
Аустралиялық жылдар бойы дивизионда үстемдік жүргізіп, үздік үміткерлердің бәрін жеңіп, UFC-дің pound-for-pound рейтингіндегі ең мықты файтерлердің қатарында болды.
Бірақ 2024 жылдың ақпанында Топурия үлкен сенсация жасады.
Екінші раундта Илия Волкановскиді жойқын соққымен ұстап алып, чемпионды ауыр нокаутқа түсірді.
Осылайша Топурия алғаш рет UFC чемпионы атанып, әлемдік элитаның қатарына бір сәтте көтерілді.
«Эль Матадордың» жолы қалай басталды
Топурия кәсіби мансабын 2015 жылы Испаниядағы West Coast Warriors турнирінде бастады.
Дебюттік жекпе-жегінде-ақ ол Франсиско Хавьер Асприльяны бірінші раундта берілуге мәжбүрледі.
Ал UFC-дегі алғашқы кездесуін Илия 2020 жылдың қазанында өткізіп, Юссеф Залалды төрешілер шешімімен жеңді. Арада екі ай өткенде Дэймон Джексонды нокаутқа түсірді.
Кейін ол жеңіл салмақта британдық Джей Гербертті нокаутпен жеңіп, қайтадан жартылай жеңіл дивизионға оралып, UFC 282 турнирінде Брайс Митчеллді тұншықтыру әдісімен жеңді.
Қазіргі таңда Илия Топурияның еншісінде 17 жекпе-жекте 17 жеңіс бар. Оның 15-і мерзімінен бұрын аяқталған.
