«Торпедо» айқаспен бастады, «Сарыарқа» қарсыласын талқандады: Қазақстан кубогының алғашқы матчтары қалай басталды?
22 тамыз күні Қазақстанда хоккейден ұлттық Кубок бастау алды. Бұл турнир жыл сайын жаңа маусымның шымылдығын ашып қана қоймай, алдағы айқастың деңгейін де айқындайды. Алғашқы ойындар көрермендерді қуантты: бір алаңда – шиеленіскен тартыс, екіншісінде – толық үстемдік пен ірі есеп тіркелді.
Өз айдынында өнер көрсеткен «Торпедо» «Ақтөбеге» қарсы жекпе-жекте мықтылығын көрсетті. Алғашқы минуттардан-ақ белсенділік танытып, екі рет көпшілікте қақпаны дәл көздеді. Қонақтар есепті қысқартуға тырысқанымен, Артур Гренцтің кездесудің бел ортасында соққан шайбасы шешуші сәтке айналды. Матч соңында «Ақтөбе» айырмашылықты қысқартқанымен, соңғы сөзді Алдабергенов айтты — 4:2, «Торпедоның» пайдасына.
Қазақстан Кубогы, топтық кезең, 1-ойын
«Торпедо» (Өскемен) — «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 4:2 (1:0, 2:1, 1:1)
Шайбалар: Боровков, Колобов, Гренц, Алдабергенов — Сайко, Астраханцев.
Қақпашылар: Янков — Ершов.
Ал Қарағандыда ешқандай интригаға орын қалмады. «Сарыарқа» Рудныйдың «Горнягын» айдынынан сыпырып тастады - 5:0. Қарағандылықтар тәртіп пен шабуылдағы қуатты көрсетіп, екі шайбаны көпшілікте, қалғанын тепе-тең құрамда соқты. Барбашев дубль авторы атанса, қақпашы Ибрагимов «құрғақ» ойын тіркеді.
Қазақстан Кубогы, топтық кезең, 1-ойын
«Сарыарқа» (Қарағанды) — «Горняк» (Рудный) — 5:0 (1:0, 2:0, 2:0)
Шайбалар: Барбашев (2), Кузьменко, Королинский, Наместников.
Қақпашылар: Ибрагимов — Нурек.
Бұған дейін «Құлагер» мен «Арлан» да ойындарын жеңіспен бастаған болатын. Осылайша, Қазақстан Кубогы қыза түсті, ал жанкүйерлерді алда әлі талай тартысты шайқастар күтіп тұр.