«Өте өкінішті»: америкалық хоккейші «Барыстан» кетуі туралы айтып берді
Нижний Новгородтың «Торпедо» клубында өнер көрсететін америкалық шабуылшы Майкл Веккьоне Астананың «Барыс» командасындағы мансап кезеңі туралы айтып берді, деп хабарлайды Sports24.kz Championat.ru басылымына сілтеме жасап.
— Сіздің бұрынғы клубыңыз «Барыста» солтүстік америкалықтар өте көп. Ал «Торпедода» ресейліктер басым. Қарым-қатынас тұрғысынан қиындықтар жоқ па?
— Мен «Барысқа» келгенде, бәрі ағылшынша сөйлейтін. Ол жерде «Хершиде» бірге ойнаған жігіттер болды. Алдымен мұхит асып ұшу қорқынышты еді, оның үстіне мені ұшып бара жатқан кезімде «Трактордан» «Барысқа» ауыстырып жіберді. Белгісіздік көп болды, не күтетінімді білмедім. «Барысқа» келген бойда жаттықтырушылармен кездестім, кейін қалған жігіттер, легионерлер де келді. Олардың саны сегіз еді, бәрі ағылшынша сөйлейтін — бұл керемет болды. Олар маған өте жақсы қарады. Маусым жаман өткен жоқ, бірақ плей-оффқа шыға алмадық, бұл өкінішті. Дегенмен лигадағы алғашқы жылым үшін бұл тамаша тәжірибе болды.
— «Барыста» дәстүр бар екенін білемін: легионерлер жылқы етінен дәм татуы керек. Сізге бұл оңайға соқпаған екен. Орыс асханасының қандай да бір тағамдарын жеп көрдіңіз бе? Қайсысы көбірек ұнады?
— Атауларын нақты есімде сақтамадым, бірақ орыстың көптеген тағамынан дәм таттым. Агентім осында, Мәскеуде, мені мейрамханаға апарды. Ол барлық тағамға тапсырыс беріп, орыс асханасы бойынша толық гастрономиялық тур ұйымдастырды, өте жақсы болды. Ол жерде ет көп еді. Биылғы жылдың басында бізде командалық кешкі ас та өтті — онда да ет көп болды. Жалпы, мен тамақ талғамаймын, бәрі ұнайды, сондықтан жаңа дүниелерді байқап көруден қорықпаймын. Өкінішке қарай, атауларын нақты есіме түсіре алмай тұрмын…
— Өткен маусымға оралсақ, «Барыспен» плей-оффқа шыға алмағандарыңызға қаншалықты ренжідіңіз? Бұл туралы көп ойландыңыз ба?
— Иә, бұл өте өкінішті болды, өйткені маусымды өте жақсы бастадық. Маусым барысында гол соға алмай қалған кезеңдер болды, менің де гол соғуым қиындады. Соның салдарынан бұл бізге кері әсер етіп, маусымның екінші жартысында көп кездесуде жеңіліп қалдық. Ең сорақысы — біз плей-офф аймағына өте жақын болдық, тіпті маусым соңында, соңғы айда, шамамен сегізінші орында тұрдық. Ештеңе істей алмағанымыз өте өкінішті, өйткені барлық жанкүйер бізді қолдады, маусымның қалай өтіп жатқанына қатты қуанды. Иә, олардың, команданың, жаттықтырушылардың, жанкүйерлердің — бәрінің үмітін ақтай алмау өте жағымсыз.
Бірақ биыл олар өте жақсы көрініп жүр. Жаңа ойыншылар көп, талантты хоккейшілер де жетерлік — қақпашылар, қорғаушылар, шабуылшылар тамаша жұмыс атқарып жатыр. Биыл плей-оффқа шығу үшін серпіліс жасайтын сияқты, бұл ел, қала, жанкүйерлер және команда үшін жақсы жаңалық. Ал қазір мен «Торпедомен» бірге Батыстағы үздік команда болуға және жоғары орынға ие болу үшін бар күшімізді салуға назар аударып отырмын. Бұл бізге өз айдынымыздағы артықшылықты қамтамасыз етеді.
— «Барыстағы» бұрынғы командаластарыңызбен байланыста тұрасыз ба?
— Иә, осында жүргенде ол жігіттермен үнемі сөйлесіп тұрасың. Олар «Хершиде» төрт жыл, «Барыста» бірнеше жыл бойы менің отбасымның бір бөлігі болды. Арамызда үйлену тойыма қатысқан, мен қамқорлық танытатын адамдар бар. Сондықтан олардың жағдайын үнемі сұрап тұрамын, олар да маған хабарласады. Олардың жағдайы жақсы екеніне қуаныштымын. Былтыр бірге ойнаған жігіттердің бәрі онда өте жақсы өнер көрсетіп жүр. Жаңа ойыншылар да бар: Чейз Приски, Логан Дэй, Хантер Шепард, Гарретт Пилон.
Маусым айында америкалық шабуылшы Майкл Веккионе Нижний Новгородтың «Торпедо» клубының құрамын толықтырды. Легионер өткен маусымды түгелдей «Барыс» сапында өткізді. Ол «Трактордан» ауысқан еді, бұл клубта бар болғаны екі апта ғана ойнап үлгерген. Осы маусымда шабуылшы нижнийновгородтықтар сапында тұрақты чемпионатта 12 матч өткізіп, 3 (1+2) ұпай жинады.