Санкт-Петербургтегі камбэктен кейін ҚХЛ-дағы «Барыстың» турнирлік жағдайы
«Барыс» Санкт-Петербургте «Шанхайлық айдаһарларға» қарсы матчта жарқын камбэк жасап, 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Sports24.kz.
Астаналық команда екінші кезеңнің басында екі шайба айырмашылығымен жеңіліп жатқан еді, алайда жауап ретінде төрт шайба соғып, жігерлі жеңіске қол жеткізді. Матчтың басты қаһарманы хет-трик жасаған Тайс Томпсон болды. Тағы бір дәл соққыны Асанали Саркенов өз еншісіне жазды.
Осы жеңістің арқасында Михаил Кравецтің командасы 25 ұпай жинап, Шығыс конференциясында екінші орынға көтерілді. Шығыста 34 ұпаймен «Металлург» көш бастап тұр. Үздік үштікті 25 ұпайы бар «Нефтехимик» түйіндейді.
«Шанхайлық айдаһарлар» 26 ұпаймен Батыс конференциясындағы алтыншы орнында қалды. Батыста «Локомотив» пен ЦСКА 30 ұпайдан жинап, көш бастап келеді.
4 қарашада Кравецтің командасы Челябіде жергілікті «Трактормен» кездеседі.

