Ротенберг хоккейден әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді ұсынды
Егер турнирді ұйымдастырушы елдердің кейбірі Ресей құрамаларын қатыстырудан бас тартса, хоккейден әлем чемпионатын Қазақстанда немесе Қытайда өткізуге болады, деп хабарлайды Sports24.kz. Бұл туралы ТАСС-қа Ресей хоккей федерациясының бірінші вице-президенті Роман Ротенберг мәлімдеді.
Бұған дейін Спорттық арбитраж соты Халықаралық хоккей федерациясын (IIHF) Ресей командаларын халықаралық жарыстарға қатыстыруға міндеттеген болатын. Алайда Швеция, Норвегия, Финляндия және Латвияны қоса алғанда, бірқатар ұлттық федерация өз құрамаларының ресейліктерге қарсы ойнамайтынын мәлімдеді.
Сонымен қатар Канада премьер-министрі Марк Карни елі алдағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысу үшін ресейлік спортшыларға виза бермейтінін хабарлады. 2028 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін қабылдайтын Финляндия да осындай ұстанымда.
Осы жағдайға байланысты Ротенберг әлем чемпионаттарын өткізетін балама алаңдарды қарастыруды ұсынды.
«Меніңше, егер қандай да бір ел біздің ұлдарымызды немесе қыздарымызды қатыстырмаса, әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу нұсқасын да қарастырған жөн. Бұл — мүлде тәуелсіз ел. Азияда әлем чемпионаттарын өткізуге болады деп сенемін. Біз Таиландта болдық, онда инфрақұрылым бар, Қытайда да әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Жағдайға кеңірек қарау керек. Әлем дегеніміз — бүкіл әлем, құрметіміз шексіз болса да, турнирлерді өткізіп жүрген санаулы ел ғана емес», — деді Ротенберг.
Айта кетейік, 2022 жылы Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындары өтті. Онда Ресейдің хоккей құрамасы күміс медаль жеңіп алды.
Қазақстан да 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге үміткер болды, алайда турнирді қабылдау құқығы үшін күресте Германияға жол берді.