Мартин чемпиондық пен Қазақстан кубогынан кейін «Ордабасыдан» неге кеткенін түсіндірді
Шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин табысты маусымнан кейін клубпен ынтымақтастығын неге жалғастырмағанын айтып, Қазақстанда жұмысқа қайта оралу ықтималдығын да бағалады, деп хабарлайды Sports24.kz Moldfootball.com-ға сілтеме жасап.
Мартиннің айтуынша, қоштасу туралы шешім екі жақтың келісімімен қабылданған. Сонымен қатар бапкер клуб басшылығына, Шымкент қаласының әкімдігі мен жанкүйерлерге бірлескен жұмысы үшін алғыс айтты.
«Біз клубпен ортақ шешім қабылдадық. Енді аздап демалып, мансабымның жаңа кезеңіне дайындаламын. «Ордабасы» басшылығына осы тарихи жыл және маған артқан сенімі үшін зор алғысымды білдіремін. Шымкент қаласы мен оның керемет жанкүйерлеріне рақмет. Шымкент қаласының әкіміне осы екі жыл үшін айрықша алғыс айтамын. Клубқа әрі қарай өркендеп, табысқа жете беруін тілеймін», - деді маман.
Мартин жеңіп алған жүлделеріне қарамастан, тараптардың келісімшартты неге ұзартпауға шешім қабылдағанын да түсіндірді.
«Кейде уақытында қоштасып, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалған дұрыс. Меніңше, осы кезеңде бұл — ең оңтайлы шешім», — деді бапкер.
Оның айтуынша, келіссөздердің барысына чемпиондықтан кейін келісімшарттың бірден ұзартылмауы да әсер еткен.
Мартин басқа клубтармен жүргізілуі мүмкін келіссөздердің жай-жапсарын ашып айтудан бас тартып, алдымен футболдан аздап тыныққысы келетінін жеткізді. Дегенмен маман мансабын Қазақстанда жалғастыруы мүмкін екенін жоққа шығармады.
«Осы уақыт аралығында Қазақстанда өзімді өте жақсы сезіндім. Осы тамаша елде тағы бірнеше маусым өткізетінімді жоққа шығармаймын», - деп қосты ол.
Еске салайық, Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» Қазақстан Премьер-лигасының 30 турында 68 ұпай жинап, тарихында екінші рет ел чемпионы атанды. Бұған қоса, шымкенттіктер финалда қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, ел кубогын иеленді.