«Құрамында шебер ойыншылар да бар». Савицкий Мажарстанға қарсы ойын жайлы
Қазақстан хоккей құрамасының шабуылшысы Кирилл Савицкий 2025 жылғы әлем чемпионатының үшінші турында Мажарстаннан 2:4 есебімен жеңілген ойын туралы пікір білдірді. Айта кетейік, турнир Данияда өтіп жатыр.
Савицкийдің айтуынша, команда бұл матчқа байыппен дайындалып, қарсыласты жеңіл қабылдамаған.
«Мажарстан - осал қарсылас емес екенін білдік. Олар соңына дейін күресетін, алға ұмтылатын команда. Құрамында шебер ойыншылар да бар. Біз оларды оңай жеңеміз деп еш ойлаған жоқпыз»,- дейді Кирилл . Ойыншының сөзін Shaiba.kz порталы жеткізді.
Форвард сондай-ақ алғашқы жіберілген шайбаға қатысты қорғаныстағы қателіктерге тоқталды.
«Бір-бірімізді сақтандырамыз деп, қарсыласты жалғыз қалдырып қойдық. Ол болса, еш кедергісіз бос қақпаға шайба соқты. Үзілісте бапкерлер ойынды жеңілдетіп, қарапайым тәсілдермен ойнауды сұрады».
Сондай-ақ Савицкий команда шешуші сәттерде эмоциялық қысымға шыдай алмағанын мойындады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы топтық кезеңде үш ойыннан кейін 1 жеңіс (Норвегия), 2 жеңіліс (Германия, Мажарстан) көрсеткішімен B тобында 6-орында тұр. Келесі кездесу 14 мамыр күні Данияға қарсы өтеді.