Орехов Қазақстанның үздік хоккейшісі атанды
Ұлттық құрама мен Магнитогорскінің «Металлург» ХК қорғаушысы Валерий Орехов өткен маусымның Қазақстандағы үздік хоккейшісі деп танылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кезекті хоккей маусымы қызу басталды. Дәстүр бойынша жаздың соңғы айында Қазақстан кубогы өтті. Оның жеңімпазы Өскеменнің «Торпедо» командасы атанды.
Елордадағы «Барыс» өзінің қайталанбас мәнерімен Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатындағы жолын бастады. Команда ірі жеңістер мен жеңілістерді алмастырып, көп гол соққанымен, өз қақпасына да аз доп жібермеді.
Қазақстан ұлттық құрамасы айқын қиындықсыз, сенімді түрде бірінші дивизиондағы әлем чемпионатында мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, әлемдік хоккей элитасындағы орнын қайтарды. Ал мұхиттың ар жағында Ұлттық хоккей лигасының матчтары басталды.
Осы уақытта журналистер өткен маусымның қорытындысын шығарып, 2025–2026 жылдардағы үздік хоккейшіні анықтады. Алайда сауалнамаға қатысуға шақырылғандардың барлығы бірдей ұсынысты қабылдамағанын атап өткен жөн.
Бұл жолы сауалнамаға 40 журналист қатысты. Олардың әрқайсысы өткен маусым қорытындысы бойынша үздік үш ойыншыны атады. Дәстүр бойынша бірінші орынға 3 ұпай, екінші орынға – 2, үшінші орынға – 1 ұпай берілді.
Валерий Орехов – Қазақстанның үздік хоккейшісі
Сауалнама қорытындысы бойынша өткен маусымның үздік хоккейшісі Қазақстан ұлттық құрамасы мен Магнитогорскінің «Металлург» хоккей клубының қорғаушысы Валерий Орехов атанды. Ол 45 ұпай жинады: 13 журналист оны үздік деп таныса, екі сарапшы екінші және үшінші орынға қойды.
ҚХЛ-дың тұрақты чемпионаты барысында Валерий өзінің жоғары деңгейін талай рет көрсетті. Ол ҚХЛ қорғаушыларының күш рейтингі бойынша бірнеше мәрте үздіктер қатарынан көрініп, тұрақты маусымды +30 пайдалы коэффициентімен, ал плей-офф кезеңін +9 көрсеткішімен аяқтады. Бүкіл маусымда небәрі 8 рет айып алаңына жіберілді. Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында туған 27 жастағы хоккейші Қазақстан құрамасына көмектесе алмады, өйткені оның клубы Гагарин кубогы үшін күресіп, жартылай финалда Қазанның «Ақ Барсына» жол берді. Дегенмен оған мұндай мүмкіндік аса қажет те болмаған еді. Ал «Металлургтің» бас бапкері Андрей Разин өткен маусымда Ореховтың ойынына жоғары баға беріп, психологиялық тұрғыдан тұрақтырақ болғанда, оның ҰХЛ-да ойнай алатынын атап өткен.
Өткен жылғы сауалнамада Орехов екінші орын алған болатын. Бұл оның жоғары бағасының кездейсоқ емес, тұрақты сипатқа ие екенін көрсетеді және мұндай нәтиже қуантпай қоймайды.
Дауыс беруде қалған орындарға кімдер жайғасты
Екінші орынға Қазақстан құрамасының және елордалық «Барыстың» тағы бір қорғаушысы Самат Данияр жайғасты. Ол хоккейдегі даму жолының барлық сатысынан – жасөспірімдер құрамасынан бастап ұлттық командаға дейінгі кезеңнен өтті. Бүгінде ол «Барыс» қорғанысының негізгі ойыншыларының бірі. Данияр 38 ұпай жинады (7 бірінші, 6 екінші және 5 үшінші орын).
Сауалнама жүлдегерлерінің үштігін Қазақстан құрамасы мен «Барыстың» шабуылшысы Семен Симонов түйіндеді. Оның еншісінде 34 ұпай бар (3 бірінші, 10 екінші және 5 үшінші орын). Жазда 21 жасқа толған Семен «Барыс» сапында алғаш рет толыққанды маусым өткізіп, ұлттық құраманың әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы жеңісіне қомақты үлес қосты.
Өткен маусымда «Барыстың» сәтсіз өнер көрсеткеніне қарамастан, Симоновты маусым жаңалығы деп нық сеніммен атауға болады. Сарапшылар оны Қазақстан хоккейінің жарқын болашағы деп бекер санамайды. Бұл пікірін ол қазіргі ҚХЛ чемпионатының басында-ақ айқын дәлелдеп жүр.
Өткен жылғы сауалнамадағыдай, төртінші орын отандық хоккейдің аңызы, шабуылшы Роман Старченкоға бұйырды. Ол өткен маусымда даңқты мансабын аяқтады. ҚХЛ-да лига құрылған сәттен бастап ойнаған Романның бұл жолы да 21 ұпай жинағаны қызық (5 бірінші, 1 екінші және 4 үшінші орын).
Жасының ұлғайғанына және соңғы маусымдарда Старченконы мазалаған көптеген жарақатқа қарамастан, шабуылшы өзінің әлі де сұраныста екенін көрсетті. Роман сөзсіз лайық болған ҚХЛ-дың «Хоккейге адалдығы үшін» жүлдесін неге алмағаны жұмбақ күйінде қалды.
Бесінші орынды Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшылары Никита Михайлис пен Дінмұхамед Қайыржан бөлісті. Екеуі де 14 ұпайдан жинады. Сауалнама жеңімпазы Валерий Орехов секілді «Металлург» сапында өнер көрсететін Михайлис Гагарин кубогы үшін клубымен күресіп жатқандықтан, ұлттық құрама сапында ойнап үлгермеді. Оның қоржынында бір бірінші, төрт екінші және үш үшінші орын бар. «Барыс» пен ұлттық құрама сапында ойнаған Қайыржан төрт рет екінші және алты рет үшінші орынға ие болды.
«Барыс» жүйесінің шабуылшысы, елордалық «Номад» сапында ойнайтын Артур Ғатиятов 11 ұпай жинады (2 + 2 + 1). Ол өткен маусымда ұлттық құрамадағы ойынымен есте қалды.
«Барыс» легионерлері арасындағы үздік нәтиже қорғаушы Райли Уолшқа тиесілі болды – 10 ұпай (2 + 1 + 2). Өткен ҚХЛ тұрақты чемпионатында қорғаушылар арасындағы үздік сұрмергендердің біріне айналған Уолштың маусымаралық кезеңде Ұлттық хоккей лигасының ең титулды клубы «Монреаль Канадиенстен» ұсыныс алуы хоккей сарапшылары арасында айтарлықтай резонанс тудырды.
«Барыс» капитаны Кирилл Савицкийде 8 (2 + 1 + 0) ұпай, ал Симонов пен Қайыржанмен бірге отандық хоккейдің тағы бір үміті саналатын Всеволод Логвинда 7 (1 + 2 + 0) ұпай бар.
«Барыстың» үздік сұрмергені Майкл Веккьоне хоккейдегі бағын Нижний Новгородтың «Торпедо» клубында сынауды шешіп, 6 (1 + 0 + 3) ұпай жинады.
«Барыс» пен ел құрамасының қақпашысы, 2023 және 2024 жылдардағы Қазақстанның үздік хоккейшісі Андрей Шутовтың еншісінде 5 ұпай (1 + 1 + 0) бар.
ҚХЛ-дағы алғашқы маусымында-ақ мұз үстінде ғана емес, киім ауыстыратын бөлмеде де тіл табыса білген қорғаушы Джек Масси 4 ұпай (0 + 1 + 2) жинады. Мұны оның жейдесіндегі ассистент капитан жамауы да аңғартады.
«Технарь» Батырлан Мұратовта, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас талант Асаналы Сәркеновте және Владивостоктың «Адмирал» ХК-мен келісімшартқа отырған перспективалы қақпашы Джелал-Ад-Дин Әмірбековте де 4 (0 + 1 + 2) ұпайдан бар.
Енді «Барыстың» бұрынғы қақпашысы Адам Шилда 3 (1 + 0 + 0) ұпай, «Барыс» ойыншылары Әлихан Асетовта 3 (1 + 0 + 0) және Ансар Шайхмеденовте 3 (0 + 1 + 1) ұпайдан.
Елордалық «Номадтың» шабуылшысы Саян Данияр рейтингті 2 (0 + 2 + 0) ұпаймен түйіндеді. Ол Өскеменнің «Торпедо» командасына ауысқан еді.
Жалпы сауалнама барысында журналистер 20 хоккейшіні атады.
Валерий Орехов – Қазақстанның үздік хоккейшісі атанған бесінші қорғаушы. Оған дейін қорғаныс ойыншылары арасынан 1992 жылғы алғашқы сауалнамада Игорь Земляной, 2001 жылы Виталий Трегубов, 2009 жылы Кевин Даллмэн, ал 2019 және 2020 жылдары Даррен Диц үздік атанған.
Белгілі болғандай, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін үздік хоккейшіні анықтау ісімен Директорат айналысты. Оны ұзақ жылдар бойы танымал хоккей сарапшысы әрі журналист, алғашқы «Қазақстан хоккейі» арнайы журналының негізін қалаушы, өзгермейтін басшысы Максим Карташов басқарды. Өкінішке қарай, Максим Леонидович 2021 жылдың желтоқсанында өмірден мезгілсіз озды.
2022 жылдан бері үздік хоккейшіні анықтау жөніндегі үйлестіруші қызметін Азия спорт баспасөзі қауымдастығының (AIPS ASIA) атқарушы комитетінің мүшесі Ильяс Омаров атқарып келеді. Ол ұзақ жылдар бойы аталған басылымның бас редакторы ретінде «Қазақстан хоккейі» журналын шығаруға атсалысты.
«Максимнің ісі сәтті жалғасып келеді», – деді Ильяс Омаров.
«Сонымен қатар үздікті анықтау туралы ұсынысқа барлық журналист бірдей үн қата бермейді. Кейбірі сыпайы түрде бас тартудың орнына мүлде елемеуді жөн көреді. Өкінішке қарай, әркімнің мәдениет деңгейі әртүрлі», – деп қосты Ильяс Омаров.