НХЛ-де ойнайтын ресейлік МОК-тың Ресейге қатысты шешіміне пікір білдірді
АҚШ-тың Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсететін ресейлік қорғаушы Егор Замула Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) мен Халықаралық Олимпиада комитетінің (МОК) Ресей құрамасын 2026 жылғы Олимпиадаға қатыстырмау шешіміне пікір білдірді.
«Барлық америкалықтар мен канадалықтар бізге қарсы ойнағысы келеді. Хоккей жанкүйерлері де Ресей құрамасын көргісі келеді. Ойыншылар біздің құрамамен бәсекелесуді қалайды. Меніңше, Олимпиада мен әлем чемпионатына ең мықты командалар – ресейліктер мен беларусьтер де қатысуы тиіс», – деді Замула «Спорт день за днем» басылымына берген сұхбатында.
Бұған дейін Халықаралық хоккей федерациясының президенті Люк Тардиф МОК-тың ұсыныстарына сүйене отырып, Ресей құрамасы Олимпиадаға қатыса алмайтынын растаған болатын.
Айта кетейік, 2026 жылғы Олимпиада ойындарына Ресейдің орнына Франция құрамасы жолдама алды.