Франция хоккей құрамасы Ресейдің орнына 2026 жылғы Олимпиадаға қатысады
Францияның хоккей құрамасы 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысады.
Бұл шешім Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Ресей мен Беларусь ұлттық құрамаларының халықаралық жарыстарға қатысуына тыйым салуды күшінде қалдырғаннан кейін қабылданды.
Осылайша, мұз айдынындағы хоккей турниріне 12 команда қатысады: Италия (қожайын ел), Словакия, Латвия, Дания, Канада, АҚШ, Швеция, Финляндия, Чехия, Швейцария, Германия және енді – Франция.
Франция Олимпиада жолдамасын іріктеу турнирлерінде екінші орын алған құрамалар арасындағы ең үздік команда ретінде алды. Француздар бұл жолдама үшін Норвегия және Қазақстан құрамаларымен бәсекелесті. Үшеуі де іріктеу кезеңін алты ұпаймен аяқтады. Алайда шешуші көрсеткіш – шайбалар айырмашылығы болды: Францияда +6, Норвегияда +3, ал Қазақстанда +2. Осы артықшылық француздарға Олимпиадаға жолдама әперді.