Легионерсіз маусым: «Торпедо» 2025/26 жылды тек жергілікті құраммен бастайды
Өскеменнің «Торпедо» хоккей клубы алдағы маусымда шетелдік ойыншылармен келісімшарт жасамайды. Бұл туралы Shaiba.kz порталы хабарлады. Шешім мемлекеттік бюджет есебінен легионерлердің еңбекақысын төлеуге тыйым салатын жаңа заңмен тікелей байланысты.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, клуб шетелдік хоккейшілердің шығынын өтей алатын демеушілер таба алмаған. Осыған байланысты «Торпедо» 2025/26 жылғы маусымды тек отандық ойыншылармен өткізбек.
Айта кетейік, өткен маусымда өскемендік ұжым Қазақстанның Ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, шешуші серияда «Арланға» 0:4 есебімен жол берді.
Соған қарамастан, «Торпедо» халықаралық аренада ел намысын қорғайды — команда 2025/26 жылғы IIHF Құрлық кубогында Қазақстан атынан сынға түседі. Өскемендік клуб жарысты екінші кезеңнен бастайды.