«Арлансыз», бірақ «Торпедомен»: Құрлықтық Кубоктың қатысушылары белгілі болды
Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) 2025/26 маусымындағы Құрлықтық кубокқа қатысатын командалардың тізімін ресми түрде жариялады. Тікелей екінші кезеңге жолдама алған ұжымдардың қатарында - Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, Өскеменнің «Торпедо» клубы бар.
Турнирдің алғашқы кезеңі 17–19 қазан аралығында өтеді. Бұл кезеңде командалар екі топқа бөлініп, жолдама үшін өзара бақ таластырады. Бастапқы айналымға Латвия («Мого»), Венгрия («Будапешт»), Румыния («Георгени»), Украина («Кременчуг»), Литва («Хоккей Панкс»), Хорватия («Сисак»), Сербия («Црвена Звезда») және Эстония («Нарва») клубтары қатысады. Әр топтың жеңімпаздары келесі кезеңге өтеді.
Қараша айында додаға рейтингтік көрсеткіші жоғары ұжымдар қосылады. Атап айтқанда, турнирге екінші кезеңнен қосылатын алты команданың қатарында «Торпедо» да бар. Өскемендік клубпен бірге бұл кезеңге Польша («Катовице»), Ұлыбритания («Ноттингем Пантерз»), Дания («Хернинг Блю Фокс»), Франция («Анже Дакс») және Италия («Кортина») клубтары жолдама алды.
Финалдық кезең 2026 жылдың 15–18 қаңтары аралығында өтеді. Бұл кезеңде төрт үздік команда бас жүлде үшін таласады.
Айта кетейік, биылғы маусымда Қазақстан атынан жарысқа тағы бір қатысуы тиіс болған Көкшетаудың «Арлан» клубы тізімнен алынып тасталды. Бұған қаңтар айында өткен финалдық кезеңге визалық және логистикалық қиындықтарға байланысты барудан бас тартуы себеп болды.