«Барыстың» қақпашысы ҚХЛ-дағы үздік қақпашы атанды
Астаналық «Барыстың» қақпашысы Андрей Шутов Континенттік хоккей лигасында қазан айының үздік қақпашысы атанды. Қазақстандық хоккейші үшін бұл мансабындағы алғашқы осындай марапат, деп хабарлайды Sports24.kz ҚХЛ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазан айында Шутов жеті матч өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жетті. Қақпашының сенімділік коэффициенті 1,7 болса, қайтарған соққыларының үлесі 94,57%-ды құрады. Барлығы оның қақпасына қарсыластар 221 соққы бағыттады, бұл әр ойынға орта есеппен 31,6 соққыдан келеді.
Қазан айындағы екі матчта Андрей Шутов қақпасына гол жібермеді. Қақпашы «Сибирь» (1:0) және минскілік «Динамо» (1:0) командаларына қарсы кездесулерде қақпасын құрғақ ұстады. Сондай-ақ ол буллиттер сериясында сәтті өнер көрсетіп, «Барыстың» «Спартакты» (4:3 Б) жеңуіне үлес қосты.
Шутов ҚХЛ-да айдың үздік қақпашысы атанған «Барыстың» екінші қақпашысы болды. Оған дейін бұл марапатқа 2018 жылдың желтоқсанында Хенрик Карлссон ие болған. Еске салайық, қазан айында ҚХЛ-да 611 хоккейшінің қатысуымен 120 матч өтті. Бір ойынның орташа нәтижелілігі 4,88 шайбаны құрады.