Рахим Стерлинг қауіпті көлік жүргізгені және күлкі газын сақтағаны үшін шартты жаза алды
Англия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Рахим Стерлинг қауіпті көлік жүргізгені және азот тотығын сақтағаны үшін бір жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Шешімді Бейсингсток қаласының магистраттар соты шығарды. Шартты жазадан бөлек, 31 жастағы футболшыға 100 сағат қоғамдық жұмыс істеу міндеттеліп, екі жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынды.
Стерлинг өзіне тағылған барлық айып бойынша кінәсін мойындады. Оқиға 2026 жылғы 28 мамырда Англияның оңтүстігіндегі Гэмпшир графтығында, M3 автомагистралінде болды. Футболшы Lamborghini көлігін тізгіндеп келе жатқанда, машинасы жол қоршауына соғылған.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері футболшының көлігінен «күлкі газы» деп те аталатын азот тотығы бар баллондарды тапты. Ұсталғаннан кейін Стерлинг алкоголь мен есірткі заттарының бар-жоғын анықтау үшін медициналық куәландырудан өтуден бас тартты.
Үкім шығарған судья Кирсти Оллман футболшының бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындағанын және қайырымдылықпен айналысқанын ескерді. Сондай-ақ оның қамауға алынғаннан кейін тәуелділіктен емделу курсынан өткені айтылды.
Айта кетейік, Стерлинг 2026 жылдың жазында нидерландылық «Фейеноордтан» кеткеннен кейін әлі күнге дейін клубсыз жүр.
Мансабында ағылшын футболшысы «Ливерпуль», «Манчестер Сити», «Челси» және «Арсенал» клубтарында ойнады. «Манчестер Сити» сапында Англия чемпионы атанған. Ұлттық құрамада Стерлинг 82 матч өткізіп, 20 гол соқты. Сондай-ақ ол командасымен бірге Еуро-2020 финалына дейін жетті.