«16 сағат жол жүрдік, бірақ ұпай үшін келдік»: «Мьельбю» бапкері Конференциялар лигасындағы матч алдында «Қайратқа» баға берді
Швецияның «Мьельбю» клубының бас бапкері Андреас Брэннстром УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі төртінші тур аясында алматылық «Қайратқа» қарсы өтетін матчтан не күтетінін айтты. Маманды қазақстандық команданың деңгейі жоғары екенін атап өтті, алайда шәкірттерінің Алматыға ұпай үшін келгенін де баса айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Матч алдындағы баспасөз мәслихатында швециялық бапкер Қазақстанға жету жолы шамамен 16 сағатқа созылғанын айтты. Оның сөзінше, алдағы кездесу клуб үшін ерекше оқиға болмақ, өйткені еуропалық аренадағы әр ойынның олар үшін маңызы зор.
«Бұл матчты асыға күтіп отырмыз. Біз шағын клубпыз, сондықтан еурокубоктегі әр ойын біз үшін маңызды. Жол шынымен ұзақ болды, шамамен 16 сағат жүріп жеткен сияқтымыз. Сол себепті бұл сапар ерекше. Ең алдымен, бұл біз үшін үлкен тәжірибе, әрі қиын матч болатынын түсінеміз. Оның үстіне, “Қайрат” — өткен маусымда Чемпиондар лигасында ойнаған мықты команда. Бірақ біз мұнда ұпай алу үшін келдік», - деді Брэннстром.
Швециялық маман алматылық клубтың Италияның «Аталантасына» қарсы Конференциялар лигасындағы алдыңғы ойынына қатысты байқағандарын да бөлісті. Брэннстромның пікірінше, қазақстандық команданың ең қауіпті қырларының бірі — қорғаныстан шабуылға жылдам ауысу қабілеті.
«“Қайраттың” “Аталантаға” қарсы ойынынан не байқадық? Бәлкім, “Қайрат” әдеттегіден көбірек қорғанған шығар, бірақ мұндай жағдайда бұл қалыпты нәрсе. “Қайраттың” қорғаныстан шабуылға жылдам ауысу сапасын ерекше атап өтер едім», - деп қосты швециялық клубтың бапкері.
Командалар еуропалық аренадағы әртүрлі нәтижелермен бетпе-бет келеді. Үш турдан кейін «Мьельбю» жеті ұпай жинап, Конференциялар лигасының жалпы кезеңі кестесінде тоғызыншы орында тұр. Ал «Қайраттың» еншісінде екі ұпай бар, команда 27-орында және плей-оффқа шығу аймағынан тыс орналасқан.