Қазақстан хоккей құрамасы Қытайды ірі есеппен жеңіп, Азия чемпионатында қатарынан екінші жеңісіне жетті
Бүгін, 7 қарашада Қазақстан хоккей құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатындағы екінші кездесуін өткізді. Жапонияны тартысты ойында жеңген отандастарымыз бұл жолы Қытай құрамасынан басым түсіп, қарсылас қақпасына жауапсыз бес шайба соқты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Кездесудің алғашқы кезеңінде екі команда да есеп аша алмады. Алайда үзілістен кейін қазақстандық хоккейшілер ойын тізгінін біртіндеп өз қолына алды.
Екінші кезеңде Саян Данияр екі мәрте көзге түсіп, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Осылайша, Талғат Жайлауовтың шәкірттері шешуші жиырма минуттыққа екі шайбалық басымдықпен шықты.
Үшінші кезеңде отандастарымыз қарсыласқа есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік берген жоқ. Алдымен Артур Ғатиятов Қытай құрамасының қақпасын дәл көздеді. Артынша Оскар Юлбарисов басымдықты ұлғайтса, Кирилл Никитин бесінші шайбаны соғып, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 5:0.
Осылайша, Қазақстан құрамасы турнирдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Еске салайық, 5 қарашада өткен алғашқы кездесуде отандастарымыз Жапонияны 3:2 есебімен жеңген болатын. Сол ойында шешуші шайбаны үшінші кезеңде Кирилл Никитин соқты.
Хоккейден Азия чемпионаты-2027. 7 қараша
Қазақстан – Қытай – 5:0 (0:0, 2:0, 3:0)
Шайбалар: Данияр, 30:06 (1:0, сан басымдығында); Данияр, 33:36 (2:0); Гатиятов, 40:33 (3:0); Юлбарисов, 47:46 (4:0); Никитин, 52:56 (5:0, сан басымдығында).
Енді Қазақстан құрамасын чемпионаттың соңғы кездесуі күтіп тұр. Ертең, 8 қарашада Талғат Жайлауовтың шәкірттері турнир қожайындары – Оңтүстік Корея құрамасына қарсы ойнайды. Матч Қазақстан уақытымен сағат 13:30-да басталады.