Оскар Пиастри Бахрейндегі Гран-при кезеңінде жеңіске жетті


13 сәуір күні «Бахрейн халықаралық автодромында» Формула-1 маусымының төртінші кезеңі өтті. Бұл жарыста «McLaren» командасының шабандозы Оскар Пиастри топ жарды.
Пиастри жарысты поулдан бастап, сенімді өнер көрсетіп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші орынға «Mercedes» командасының өкілі Джордж Расселл тұрақтаса, үшінші орынды Оскардың командаласы Ландо Норрис еншіледі. Бұл нәтиже «McLaren» командасына маңызды ұпайлар алып келді.
Төртінші орынды «Ferrari» сапындағы Шарль Леклер иеленсе, оның командаласы Льюис Хэмилтон бесінші болып келді. Ал алты үздіктің қатарын қазіргі әлем чемпионы, «Red Bull» командасының пилоты Макс Ферстаппен түйіндеді.
Жалпы есепте Ландо Норрис 77 ұпаймен көш бастап тұр. Оскар Пиастри бұл жеңістің арқасында 74 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Ал Макс Ферстаппен 69 ұпаймен үшінші орынға сырғыды.
Конструкторлар кубогында көшбасшы өзгерген жоқ - «McLaren» 151 ұпаймен бірінші орнын нық ұстап тұр. «Mercedes» командасы 93 ұпаймен екінші орында, ал «Red Bull» 71 ұпаймен үздік үштікті қорытындылайды.