Мик Шумахер Формула-1-ге қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді
Формула-1-дің бұрынғы шабандозы, қазіргі таңда әлемдік төзімділік жарыстары (WEC) чемпионатында бақ сынап жүрген Мик Шумахер “Формула-1” чемпионатына қайта оралуға деген сенімін білдірді.
Неміс шабандозының айтуынша, ол WEC жарыстарында өз есімін қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар, қазіргі Формула-1 шабандоздарынан кем түспейтінін және олардың деңгейінде өнер көрсете алатынын жеткізді.
“Мен WEC-те жақсы нәтижелер көрсетіп, өз атымды қалыптастырғым келеді. Бұл үшін менде барлық қажетті қасиеттер бар екеніне сенімдімін. Формула-1-дегі әрбір пилот дарынды екені анық. Бірақ мен старттық қатарға қараған кезде, олармен тең дәрежеде бәсекелесе алатыныма күмәнім жоқ. Мен олардан еш кем емеспін”, – деп келтіреді Racingnews365 Шумахердің сөзін.
Мик Шумахер – атақты жеті дүркін Формула-1 чемпионы Михаэль Шумахердің ұлы. 2020 жылы Формула-2 чемпионы атанып, Haas командасымен келісімшартқа отырып, Формула-1-дегі дебютін 2021 жылы жасады. Алайда екі маусымнан кейін 2023 жылы Mercedes командасының резервтік шабандозы ретінде қалды. 2024 жылдан бастап Alpine құрамында Hypercar санатында WEC жарыстарына қатысуда, бірақ оның басты мақсаты – Формула-1-ге қайта оралу.