Макс Ферстаппен Red Bull мәселелері жайлы өз ойымен бөлісті


Формула-1-дің қазіргі әлем чемпионы Макс Ферстаппен Red Bull командасының қазіргі жағдайын бағалап, басты әлсіз тұсы - шиналармен (резеңкелермен) жұмыс екенін айтты.
«Жалпы, шиналардың тозуы азырақ болады, бірақ егер сен олармен дұрыс жұмыс істей алмасаң, онда ештеңемен де дұрыс жұмыс істей алмайсың. Джиддада бұл мәселе онша қатты сезілмеуі мүмкін, бірақ бәрібір… біз қарсыластарымыздан әлсіз боламыз. Резеңкемен жұмыс істеу әлі де өзекті. Егер осыдан әлсіз болсаң, демек, барлық жағынан әлсізсің», – деді Ферстаппен Daily Express басылымына берген сұқбатында.
Бахрейндегі соңғы Гран-приде нидерландтық шабандоз алдыңғы орындар үшін күресе алмай, тек алтыншы орынмен шектелді. Маусымның төрт кезеңінен кейін Ферстаппен жеке есепте 69 ұпаймен үшінші орында тұр. Одан алда McLaren командасының қос өкілі – Ландо Норрис (77) және Оскар Пиастри (74) келеді.