«Зимбру» бас бапкері «Астанамен» ойын жайында өз ойымен бөлісті
Молдовалық «Зимбру» клубының бас бапкері Олег Кубарев Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Астанаға» қарсы ойынды бағалап өтті, деп хабарлайды We Sport TV YouTube арнасы.
«Астана» — мықты команда, бірақ олардан өтуге тырысуға болады. Қарсылас қалаулы емес, себебі алыстан ұшу керек, жасанды алаң, мұндай сапарды ешкім қаламайтын шығар. Әрине, бірінші ойынды сырт алаңда өткізіп, қарсыласты зерттеп алған дұрыс, содан кейін үйде, жанкүйерлердің көз алдында көбірек шабуылдауға болады. Бірақ енді басқа амал жоқ — осыны қабылдап, өз стратегиямызды ойластыруымыз керек», — деді Кубарев.
Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі «Зимбру» мен «Астана» арасындағы алғашқы матч 24 шілдеде Кишиневте өтеді, ал қарымта кездесу 31 шілдеге жоспарланған. Ойындардың нақты басталу уақыты кейінірек жарияланады.
«Астана» Конференциялар лигасындағы жорығын «Зимбруға» қарсы бастайды.