«Астана» Конференциялар лигасындағы жорығын «Зимбруға» қарсы бастайды
«Астана» футбол клубы 2025/2026 маусымындағы УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өз жорығын бастайды.
Қарсыласы - Молдова чемпионатының күміс жүлдегері, Кишиневтің «Зимбру» командасы.
Қос команданың алғашқы кездесуі 24 шілдеде Молдова астанасында өтеді, ал қарымта матч 31 шілдеде Астанада ұйымдастырылады.
Айта кетейік, «Зимбру» өткен маусымда Молдова біріншілігінде екінші орын алып, ел кубогының жартылай финалына дейін жеткен.
Биылғы еурокубок маусымында Қазақстан атынан Конференциялар лигасында екі команда сынға түседі: «Астана» жарысты екінші кезеңнен бастаса, шымкенттік «Ордабасы» алғашқы раундта грузиндік «Торпедо» (Кутаиси) клубымен кездеседі.
Алматылық «Қайрат» елімізді Чемпиондар лигасының іріктеуінде танытса, «Ақтөбе» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынайды.