«Зенит» Зайнутдиновтың клубтасы үшін €30 млн ұсынуға дайын
Түркияның «Бешикташ» клубы мен Португалия құрамасының жартылай қорғаушысы Жедсон Фернандеш Ресей Премьер-лигасына ауысуы мүмкін. Sports Digitale YouTube-арнасында сөйлеген танымал журналист Серджан Дикменнің айтуынша, «Зенит» ойыншы үшін шамамен €30 млн төлеуге әзір.
Бұған дейін футболшыға «Спартак» та қызығушылық танытқан. Мәскеулік клуб қыста Фернандешке €25 млн ұсынып көрген, бірақ «Бешикташ» маусым ортасында негізгі ойыншылардың бірін жіберуге келіспеген.
2023/24 жылғы маусымда Фернандеш барлық турнирде 49 матч өткізіп, 12 гол соғып, 3 нәтижелі пас берген. Оның клубпен келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды, ал Transfermarkt порталы оның нарықтық бағасын €18 млн деп бағалаған.
Айта кетейік, Фернандеш қазіргі таңда «Бешікташ» сапында Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнутдиновпен бірге өнер көрсетеді. Егер трансфер жүзеге асса, Жедсон «Зениттің» ойын құрылымында маңызды фигуралардың біріне айналуы мүмкін.
Жереми Фримпонг «Ливерпулдегі» мақсатын айтты.