Виктор Брага: Менің міндетім – тепе-теңдікті сақтау және шептерді байланыстыру
Костанайлық «Тоболдың» 24 жастағы бразилиялық хавбегі Виктор Брага алаңдағы негізгі міндеттері мен командадағы рөлі туралы айтты.
«Бұл ең алдымен тактика мен ойын ішіндегі жауапкершілікке байланысты. Менің рөлім - жоғары қарқынмен ойнап, қарсыласты үнемі қыспаққа алу. Бұл кейде ереже бұзуға да алып келеді. Гол соққан жақсы, әрине, бірақ мен үшін бастысы - командалық тепе-теңдікті сақтау, қорғанысқа көмектесу және шабуылға жылдам ауысуға жағдай жасау. Әр ойыншының өз міндеті бар, ал мен бапкерлік штабтың сенімін ақтауға тырысамын», – деді Брага KFF League.kz берген сұхбатында.
Ағымдағы маусымда жартылай қорғаушы «Тобол» сапында барлық турнирлерде 11 ойын өткізіп, бір гол соқты және төрт сары қағаз алды.
Виктор кәсіби футболдағы жолын Бразилияның «Авенида» клубында бастаған. Кейін Қазақстанға келіп, «Ордабасы», «Мақтаарал» және «Жетісу» клубтарында ойнаған. Содан кейін костанайлық ұжымның құрамына қосылды.
Премьер-лиганың 13 турында өткен ойындар нәтижесі бойынша «Тобол» турнир кестесінде төртінші орында тұр. Команда жүлделі орындар үшін күресуге әлі де үмітті.