Тоқтар Жаңғылышбай «Ертіске» оралады: тәжірибелі шабуылшы жаңа маусымды павлодарлық клубта бастайды
Sports24.kz сайтына белгілі болғандай шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай келесі маусымда павлодарлық «Ертіс» командасының сапына қосылады.
Ағымдағы маусымда «Қызылжар» құрамында өнер көрсеткен Жаңғылышбай барлық турнирлерде 17 матчқа қатысып, 3 голдың авторы атанды. Тәжірибелі футболшы бұған дейін ел чемпионатында бірқатар клубтардың намысын қорғаған — «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат», «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы», «Қайсар», «Жетісу» және «Мақтаарал» сапында ойнаған.
Айта кетейік, Қазақстанның бес дүркін чемпионы «Ертіс» биыл ресми түрде Премьер-лигаға қайта оралды. Соңғы турда павлодарлық ұжым «Хан Тәңірін» 7:1 есебімен ұтып, үшінші орында тұрған «Алтайды» қуып жете алмайтындай жағдайға жеткізді.
Еске сала кетсек, павлодар клубы 2020 жылы қаржылық қиындықтарға байланысты чемпионаттан шеттетіліп, сол жылы банкрот деп жарияланған еді. Алайда 2023 жылы команда қайта құрылып, аз уақыт ішінде жоғары лигаға қайта жолдама алды.