Тигран Барсегянның «Қайсарға» ауысуы жайлы мәліметтер белгілі болды
«Қайсардың» күшейетіні жөніндегі қауесеттерден кейін алғашқы ресми жоққа шығару пайда болды. Sports24.kz мәліметінше, армениялық жартылай қорғаушы Тигран Барсегянның Қызылорда клубына оралуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде «Қайсар» бірқатар жұлдыз ойыншылармен келіссөз жүргізіп жатыр деген хабар тараған еді. Сол тізімде Патрик Твумаси, Валерий Громыко, Диего Пинто және Тигран Барсегянның есімдері аталды. Алайда Sports24.kz дерегінше, қазақстандық клуб пен Барсегян арасында ешқандай келіссөз де, ұсыныс та болмаған.
Қазір Барсегян Словакияның «Слован» (Братислава) клубының ойыншысы болып табылады. Ол бұл маусымда 18 матч өткізіп, 5 гол соғып және 3 нәтижелі пас берген.
Айта кетсек, Тигран Барсегян қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2019 жылы «Қайсардың», ал 2020–2021 жылдары «Астананың» сапында өнер көрсетті.