Сәтпаев жарақаттан кейінгі жағдайы туралы айтты
Қазақстан құрамасы мен ағылшындық «Бернлидің» вингері Дастан Сәтпаев «Мидлсброға» қарсы ойында алған жарақатынан кейінгі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Бір күн бұрын қазақстандық футболшының командасы Англия Чемпионшипінің бесінші турында «Бристоль Ситиге» 1:2 есебімен жол берді. Ал «Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы жарақатына байланысты матчқа өтінімге енген жоқ.
Ойыннан кейін Sports24.kz тілшісі Дастанмен қысқаша тілдесіп, өзін қалай сезініп жүргенін сұрады. Футболшы қазақ тілінде қысқа ғана: «Жақсы», — деп жауап берді.
Еске сала кетейік, 18 жастағы ойыншы төртінші турда «Мидлсброға» қарсы матчта жарақат алған. Сол кездесуде ол «Бернли» сапындағы ең үздік футболшы деп танылған еді.
Бұған дейін «Бернлидің» бас бапкері Ники Хайен Сәтпаевтың бірнеше аптаға қатардан шыққанын хабарлап, жарақат қазақстандық шабуылшының клубпен бірге толыққанды маусым алдындағы дайындықтан өтпеуімен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан.