Смаков отставкаға жақын: «Елімайға» қарсы ойын «Жетісу» бапкері үшін соңғы матч болуы мүмкін
Премьер-Лигасының алтыншы турындағы «Жетісу» мен «Елімай» арасындағы алдағы кездесу талдықорғандық команданың бас бапкері Самат Смақов үшін соңғы матч болуы әбден мүмкін.
Бұл туралы Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз қызметінің жетекшісі Ермұхамед Мәулен мәлімдеді. Оның айтуынша, Смақовтың бұл ойынан кейін қызметінен кету ықтималдығы өте жоғары.
Мәуленнің сөзіне қарағанда, бапкердің отставкасына клубтың бас директоры Марк Гурман әсер етуі мүмкін. Айта кетейік, ол – «Астана» футбол клубының басшысы Михаил Гурманның ұлы.
Еске салайық, Премьер-Лиганың бесінші турында «Жетісу» командасы «Ордабасыға» 0:1 есебімен жол берген болатын. Сол ойында Смақов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ойыннан кейін ол төрешілер жұмысына наразы екенін білдірді. Бұл әрекет Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік комитетінде қаралып, нәтижесінде бапкер төрт ойынға шеттетілді.
Сонымен қатар, Смақовтың матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында эмоциялық түрде төрешілерді сынға алуы да үлкен резонанс туғызды. Сарапшылардың пікірінше, бұл мәлімдемелер оның команданы басқарудан кету үдерісін жылдамдатуы мүмкін.